«ӘСІРЕСЕ, ЖАСТАРДЫҢ ЕРЕКШЕ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚУАНТАДЫ»

3

Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган.  Мұндай институтты құру саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы қажеттілігінен туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде өмір сүріп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда.

Биыл осынау құрылымға 30 жыл толды. Осыған орай біз Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира ЖАНҒАЗИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

 

 

– Эльмира Ұласбекқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – ел үшін ерекше оқиға. Осы маңызды датаға орай Түркістан облысында қандай іс-шаралар қолға алынды?

– Иә, биыл Қазақстан халқы Ассам-блеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік жүйесінің қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңі. Ассамблея – тек этносаралық диалогтың алаңы ғана емес, ел дамуына үлес қосатын ірі қоғамдық институт. Сондықтан мерейтой аясындағы әрбір іс-шара осы идеяны тереңінен ашуға бағытталуда. Біз қоғамды бірлік пен татулыққа үндейтін шараларды тек мерейлі даталарда ғана емес, жыл бойы ұйымдастырып отырамыз. Мәселен, жыл басынан бері өңірімізде 1300-ден астам іс-шара өткізілді. Оның ішінде мерейтойлық сессиялар, мәдени-көпшілік жиындар, ғылыми-конференциялар, жастар форумы, этностар арасындағы шығармашылық байқаулар және халықпен тікелей кездесулер бар.

Атап айтқанда, «Ассамблея – елдік пен бірліктің ұйытқысы» атты кең ауқымды мерекелік жиыны, «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбындағы облыстық сессия, этнос жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» облыстық байқауы және «Үкілі домбыра», «Бабалар үні» шығармашылық байқауларын, өнер додаларын өткіздік.

Сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған республикалық деңгейдегі мерекелік бағдарламалар, әртүрлі этностардың ұлттық мерекелері – Сабантой, Масленица, Наурыз тойлары және қоғамдық келісім мен татулықты насихаттайтын «Тарихтан туған рәміздер» тақырыбында жастар флешмобы ұйымдастырылды. Сонымен қатар мерейтой аясында қайырымдылық бағытындағы бастамалар да жанданды. Этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен 93 қайырымдылық акциясы өтіп, мыңнан аса отбасыға нақты көмек көрсетілді. Бұл – бірліктің тек сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі көрінісі.

Мен Ассамблеяның 30 жылдығын – әр азаматты бірлікке, өзара құрмет пен жауапкершілікке үндейтін рухани маңызы зор дата деп білемін. Сондықтан біз шараларды халыққа барынша жақын форматта өткізіп, аймақ тұрғындарын мерейтойдың мазмұны мен құндылығына терең тартуға тырыстық.

– Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің негізгі мақсаты мен бағыты қандай?

– Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің негізгі миссиясы – өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік этносаясаттың барлық деңгейде тиімді жүзеге асырылуына жағдай жасау. Бұл – тек идеологиялық емес, нақты тетіктері бар, күнделікті жүйелі жұмысты талап ететін маңызды бағыт.

Өзіңізге мәлім, Түркістан облысы – этностар ең тығыз шоғырланған аймақтардың бірі. Мұнда 2 миллион 154 мыңнан астам тұрғын бар болса, оның 24,9 пайызы түрлі этнос өкілдері. Өзбек, тәжік, әзербайжан, түрік, орыс, татар, башқұрт, күрді, шешен, ингуш және тағы да басқа этностар өңірдің экономикалық дамуына да, мәдени келбетіне де мол үлес қосып келеді. Осындай алуан түрлі ортада татулықты сақтау – біздің ең басты міндетіміз. Сондықтан мекеменің қызметі бірнеше негізгі бағыттан тұрады, соның біріншісі – этносаралық қатынастарды нығайту. Біз Ассамблея жанындағы құрылымдармен – Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, «Ассамблея жастары» ұйымы және этномәдени бірлестіктермен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргіземіз. Бұл – халыққа ең жақын, белсенді әлеуметтік институттар.

Екіншісі – халықпен тікелей жұмыс. Облыстың 8 ауданында және Кентау қаласында біздің филиалдар жұмыс істейді. Сол филиалдар арқылы әр ауылға, әр елді мекенге барып, жергілікті жағдайды зерттеп, мәселелерді талдаймыз. Осы орайда жыл басынан бері 365 кездесу өткізіліп, 18 мыңға жуық тұрғын қамтылды.

Үшіншісі – алдын алу шаралары. Медиация жұмыстары, әлеуметтанымдық зерттеулер, этносаралық ахуалды мониторингтеу, тәуекелдерді ерте анықтау – бәрі де өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Ал, төртіншісі – мәдени-рухани бірлікті нығайту. Жыл сайын мыңдаған мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуді ұйымдастырамыз. Мысалы, биылдың  өзінде өңірде 87 605 адамды қамтыған 1367 іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстардың барлығы тек бір мекеменің емес, өңір халқының татулығы мен  еңбегі дер едім.

Басты мақсатымыз – өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік атмосферасын нығайту. Соңғы жылдары бірқатар жүйелі әрі қоғам үшін маңызды жобалар табысты жүзеге асырылып, өз нәтижесін бере бастады. Осы жобалардың әрқайсысы қоғамдық келісімді нығайтуға, отбасы институтын қолдауға және азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталғанын атап өткен жөн.

Мәселен, «Елдесу және татуласу» медиациялық бағдарламасы аясында этнос өкілдерінің қатысуымен орын алған 50 құқықтық даудың медиаторлардың көмегімен достық ниетте шешілуі – айрықша жетістік. Бұл бағдарлама қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, дау-жанжалдардың алдын алуға және халықтың медиация институтына деген сенімін нығайтуға үлес қосты.

Бұдан бөлек, жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Салауатты сана», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Достық керуені», «Адал азамат», «Мың бала» сияқты әлеуметтік маңызды жобалар да қоғам тарапынан қолдау тауып жүр. Бұл бастамалар  негізінде жастар тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, этносаралық татулық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оған қоса, Аналар кеңесінің бастамасымен өткізілген «Ұмай-ана» және «Ақылды ана – саналы бала» байқаулары көптің ықыласына бөленді. Аталған шаралар ана тәрбиесінің қоғамдағы рөлін күшейтуге, жас аналарды қолдауға және ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беруге бағытталған. Ал, Ақсақалдар кеңесі ұйымдастырған «Даналық көпірі», сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағлымы» тақырыбындағы кездесулер де ерекше маңызға ие. Бұл басқосулар елдің бірлігін сақтауда ақсақалдардың өнегелі сөзін, өмірлік тәжірибесін және ұлттық құндылықтарды насихаттаудың рөлін айшықтап берді.

Жалпы алғанда, аталған жобалар тек бір жолғы шаралар емес, қоғам өмірінің әр саласына оң ықпал етіп отырған ұзақ мерзімді бастамалар. Алдағы уақытта да осындай игі жұмыстарды жалғастырып, заманауи түрде олардың аясын кеңейту жоспарда бар.

Ассамблеяда этносаралық ахуалды бақылап отыру мақсатында арнайы этнокарта әзірленген. Ол жылына екі мәрте жаңартылып, жағдайға талдау жасалады. Бұл карта өңірдегі этностық құрамды, олардың орналасу тығыздығын, өзекті мәселелерді, әлеуметтік көңіл-күйді дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын уақтылы жоспарлауға мүмкіндік береді.

– Облыстағы этномәдени бірлестіктермен байланыс мәселесі жолға қойылған ба? Белсенділігі жөнінен қай этнос өкілдерін ерекше атап өтер едіңіз?

– Түркістан облысында бүгінгі күні 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл ұйымдар өңіріміздегі барлық этнос өкілдерінің мәдени құндылықтарын сақтауына, ұлттық дәстүрлерін жаңғыртуына және қоғамдық келісімді нығайтуына үлес қосып келеді.

Этномәдени бірлестіктердің жұмысы облыстық, қалалық және аудандық деңгейде жүйелі түрде ұйымдастырылған. Олар түрлі бағыттағы мәдени, ағартушылық, спорттық және әлеуметтік жобаларға атсалысады.  Биылдың өзінде этномәдени бірлестіктер 29 мәдени іс-шара өткізіп, өңірдің мәдени өмірін жандандыра түсті. Сонымен қатар, 93 қайырымдылық акциясы арқылы 1 119 отбасыға материалдық көмек көрсетті. Бұл – этнос өкілдерінің өзара ынтымағы мен әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі.

Әсіресе, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров басқаратын «Үлес» қорының еңбегі атап өтуге тұрарлық. Қор 2010 жылдан бері әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көп балалы және мұқтаж отбасыларды қолдауға арналған игілікті істерін тұрақты жалғастырып келеді. Бүгінге дейін қордың бастамасымен 50 үй салынып, бірқатар отбасы баспаналы болды. Бұл – этносаралық бірліктің іспен дәлелденген үлгісі.

Әрбір этнос өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі мен қоғамдық көзқарасы арқылы өңірдің дамуына өзіндік үлес қосады. Соңғы жылдары бірқатар этностардың қоғамдық шаралардағы ерекше белсенділігін атап өткен жөн. Атап айтқанда, өзбек, тәжік, әзербайжан, татар, башқұрт, түрік және орыс этностары түрлі іс-шаралар мен әлеуметтік бастамаларға тұрақты әрі жоғары деңгейде қатысып келеді. Бұл этностардың жанынан құрылған жастар ұйымдары, әйелдер кеңестері, мәдени орталықтары облыс көлемінде өткізілетін ірі қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыруға қатысады. Әсіресе, жастардың белсенділігі  ерекше қуантады. Олар еріктілер қозғалыстарына, экологиялық акцияларға, қайырымдылық бастамаларына қатысып, өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына тың серпін беруде. Бұл – көпэтносты қоғамның үйлесімді дамуы мен татулық дәстүрінің орнығуына ықпал ететін

фактор.

– Қоғамдық келісімді нығайту үшін жастар арасында қолға алынған жобалардың қайсысы жемісті болуда?

– Облыста «Ассамблея жастары» өңірлік өкілдігі 2022 жылы құрылып, қоғамдық белсенділігі жоғары ұйымға айналды. Бүгінде оның құрамында 100-ден астам белсенді жас бар. Олар тек мәдени шараларға ғана емес, әлеуметтік, рухани, көшбасшылыққа бағытталған жобаларға да атсалысып келеді. Биылдың өзінде жастар ұйымы 4 мыңға жуық жасты қамтыған 32 іс-шара өткізді. Бұл жобалардың әрқайсысы жас буынды білімге, бірлікке, өзара түсіністікке шақырып, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. Соның ішінде ерекше атап өтерлік бастамалар: «Тарихи таным» экспедициясы – жасөспірімдер мен студенттерге өңірдің тарихын тереңірек таныстырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын тұщымды жоба. «Спорт – достық алаңы!» спартакиадасы – этнос жастары арасындағы ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтатын спорттық кездесу. «Кім білгір?» интеллектуалды ойыны – білімді жастарды қолдап, олардың талдау, пікір алмасу мәдениетін көтеретін танымдық дода. Сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік» сайысы – түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, өзара құрметті насихаттайтын мерекелік шара және «Бабалар үні» этножыр байқауы – ұлттық өнерді дәріптеп, жас дарындардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған мәдени жобалар жүзеге асты.

Бұл бастамалар жастардың рухани дамуына, мәдени толеранттылыққа, патриоттық тәрбиесіне және ортақ құндылықтарды қалыптастыруына айрықша ықпал етеді. Ең бастысы, осындай жобалар арқылы жастар бір-бірін тыңдап, түсініп, түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайта түседі.

Әрине, уақыт өткен сайын жастардың қызығушылығы мен ақпарат тұтыну форматы да өзгеріп отырады. Қазіргі буын – толықтай цифрлық ортада өмір сүретін, жылдам ақпарат алмасатын, визуалды контентті жақсы қабылдайтын жастар. Сондықтан оларды қоғамдық бастамаларға тарту үшін дәстүрлі әдістермен шектелмей, жобаларымызды заманауи форматта ұйымдастыруға басымдық беруіміз қажет. Бұл бағытта челлендждер, бейнебайқаулар, креативті онлайн форматтар, волонтерлік қозғалыстар, спорттық кездесулер мен мотивациялық бағыттағы форумдар өткізіледі.

– Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің биылғы басты жетістіктері деп қандай нәтижелерді атар едіңіз?

– Ең басты жетістігіміз – облыстағы этносаралық жағдайдың тұрақтылығы. Бұл – түрлі этнос өкілдерінің бір-бірімен өзара сыйластықта өмір сүруінің, қоғамдық келісімнің сақталуының жемісі.

Екінші жетістігіміз – халықпен жүйелі әрі тікелей жұмыс жүргізу.

Үшінші жетістік ретінде медиация институтын атап өтуге болады. Соңғы уақытта этнос өкілдері арасындағы 83 даудың 50-і медиаторлардың тікелей араласуымен өзара келісімге келу арқылы шешілді. Бұл көрсеткіш адамдардың медиацияға деген сенімі артып келе жатқанын, дау-жанжалдың алдын алуға деген ұмтылыстың күшейгенін білдіреді.

Төртінші жетістігіміз – ақпараттық жұмыс көлемінің артуы. Жыл басынан бері 4269 материал жарияланып, этнос- аралық келісім мен бірлік бағытындағы 119 челлендж және 162 бейнеролик дайындалды. Мұндай ақпараттық қолдау қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастыруға, жастарды көптеп тартуға және тұрғындардың хабардарлығын арттыруға ықпал етеді.

Бесінші жетістік ретінде этномәдени бірлестіктер көрсеткен көмектің ауқымын айтуға болады. Этнобірлестіктер тек мәдени саланы дамытуға ғана емес, әлеуметтік қолдау, қайырымдылық, қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыру мәселелерінде де белсенділік танытып келеді. Жалпы, бұл жетістіктер  бір күннің не бір жылдың нәтижесі емес. Бұл – жүйелі жоспардың, ұйымдардың бірлескен жұмысының және өңір тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымының нәтижесі деп толық айта аламын.

– Әлі де шешімін күтіп тұрған қандай проблемалар бар? Алдағы уақытта қандай жаңа жобалар мен бағыттар іске асырылады?

– Атқарылған жұмыстар аз емес, дегенмен, әлі де назар аударуды талап ететін мәселелер жетерлік. Ең алдымен, біз үшін маңызды мәселенің бірі – шалғай елді мекендермен байланысты күшейту. Алыс ауылдарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде болмауы кейбір бастамалардың тұрғындарға толық жетпеуіне себеп болып жатады. Сондықтан алдағы кезеңде алыс аймақтарға шығуды жиілетіп, көшпелі кездесулер мен оқыту форматтарын кеңейту жоспарлануда.

Екінші өзекті мәселе – медиация мәдениетін ауыл деңгейіне дейін терең енгізу. Қазіргі кезде аудан орталықтарында медиация институты белсенді дамып келеді, алайда, оны әрбір ауылдағы тұрмыстық қатынастар мәдениетіне сіңіру үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқару қажет. Тұрғындар арасында медиаторларға деген сенімді нығайту, дауды сотқа жеткізбей бейбіт шешу тәжірибесін кеңейту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Үшінші бағыт – жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру. Бүгінгі күні жастар арасында еріктілік пен азаматтық жауапкершілік қалыптасып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, бұл үрдісті одан әрі жүйелендіріп, жаңа форматтағы жобалармен толықтыру қажет. Жастарға өзін көрсетуге, бастама көтеруге, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру – стратегиялық мақсаттарымыздың қатарында.

Жалпы, бұл мәселелер  шешімін табуға болатын әрі нақты жоспарға енгізілген міндеттер. Алдағы уақытта осы бағыттарда жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз.

Біз келесі жылдарға бірқатар жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, «Этносаралық ынтымақтастық мектебі» жобасын іске асырсақ дейміз. Бұл жоба аясында оқушылар, студенттер және жас мамандар үшін арнайы тренингтер, пікірталас алаңдары, білім беру бағдарламалары әзірленеді. Мақсат – жастардың бойында толеранттылық мәдениет қалыптастыру және этносаралық қарым-қатынастың қыр-сырын терең түсіндіру.

Екіншіден, жастарға арналған жаңа цифрлық платформа құрылады. Бұл платформада онлайн курстар, интерактивті жобалар, бейнежіберілімдер, челлендждер, форумдар мен еріктілер қауымдастықтарына арналған бөлімдер болады. Жастардың қызығушылығына сай заманауи форматтағы бұл алаң – олардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, әрбір ауданда медиациялық орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама медиация қызметін ауылдар мен аудан орталықтарына барынша жақындатып, тұрмыстық дау-жанжалдарды ертерек шешуге жол ашады. Әр орталықта кәсіби медиаторлар жұмыс істеп, тұрғындарға тегін кеңес беріледі. Төртіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ірі мәдени форум ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шараға республиканың түкпір-түкпірінен этнос өкілдері, мәдени орталықтар, шығармашылық ұжымдар, сарапшылар қатысады. Форум аясында көрмелер, концерттер, ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сабақтары өтеді. Бесіншіден, этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік жобаларын кеңейту жоспарда бар. Қайырымдылық іс-шараларының ауқымын кеңейту, жаңа әлеуметтік бастамаларды қолдау, ауылдық жерлердегі этнос өкілдерінің белсенділігін көтеру – келесі кезеңнің басым бағыттарының бірі.

Аталған жобалар өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті жаңа деңгейге көтеруге, тұрғындардың өміріне нақты оң ықпал етуге бағытталады.

Түркістан – бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің қасиетті мекені, рухани орталығы. Осы қасиетті өңірді мекендеген барлық тұрғындарға айтарым – татулығымыз мәңгілік болсын, бір-бірімізді сыйлай білейік, дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді сақтай отырып, ортақ құндылықтарға қызмет етейік.

– Мәнді де мағыналы сұхбат үшін көп-көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,

«Оңтүстік Қазақстан».