КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН 1 МЫҢНАН АСА ЭЛЕКТР БАҒАНАЛАРЫ МЕН 34 ШАҚЫРЫМ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Аудан аумағында тұрғындарды сапалы электр энергиясымен және көшелерді түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.
Мәселең, келесі жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі аудандық филиалының жоспарына сәйкес, Арыс, Балықты, Майлыкент, Мичурин және Машат ауылдық округтеріндегі тозығы жеткен жоғары және төменгі кернеулі 1 мыңнан аса бағана ауыстырылып, 34 шақырымға жуық электр желісі жаңартылады. Қосымша, электр қуатын арттыру мақсатында, ескірген 9 трансформатор ауыстырылады.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен кезекті апталық аппараттық жиында «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің аудандық филиалының басшысы Асқар Досов баяндады.
Сондай-ақ, түнгі уақытта тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында алдағы жылы 10 елді мекеннің ішкі көшелеріне 2 мыңға жуық жарықшам орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда мердігерді анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде аудан аумағындағы 464 ішкі көшенің 325 көшесі жарықтандырылып, онда 8543 дана жарықшам бар. Жауапты бөлім (ЖКХ) басшысы міндетін атқарушы Бауыржан Шырынбаевтың баяндауынша аталған жарықшамдардың 285 істен шыққан.
Жауапты баяндамашылардан соң аудан басшысы Асқар Сұлтанұлы тұрғындарды сапалы электр энергиясымен толық қамту, боранды, дауылды күндері электр жарығының өшуіне жол бермеу мақсатындағы жұмыстарды жалғастыруды жауаптыларға жүктеп, ауыл әкімдеріне елді мекендердегі істен шыққан түнгі жарықшамдарды тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Бұдан бөлек, лездемелік жиында төтенше жағдайлардың алдын алу, оның ішінде газдан улану, өрт қауіпсіздігі, білім саласындағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысы және елді мекендердегі санитарлық тазалық мәселесі қаралды.
Биылғы жылы аудан аумағында 34 өрт шығу фактісі тіркелген. Басым бөлігі тұрғын-үй секторында азаматтардың қауіпсіздік шараларының дұрыс сақтамауынан орын алған. Нәтижесінде, 1 азамат жарақат алып, жан сақтау бөліміне жеткізілген. Қазіргі жағдайы тұрақты-ауыр.
Сондай-ақ, үйлерде тиісті талаптардың сақталмауынан газдан улану фактілері де тиылмай тұр. Оның басым бөлігі жылыту қазандықтарының және мұржалардың талапқа сай орналаспауы мен қауіпсіздік шараларының атқарылмауынан болып отыр.
Бұл бойынша аудан әкімі жауапты мекемелерге түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді міндеттеп, қажеттілігіне қарай әдістемелік көмек ұсынуды тапсырды.
Сондай-ақ, білім саласындағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстап, ауыл-аймақтың тазалығына қатысты анықталған кемшіліктерді реттеуге үш күн мерзім беріп, барлық мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарауды ескертті.








