ТҮЛКІБАСТА КӘСІПКЕРЛІККЕ АРНАЛҒАН ӨНДІРІСТІК АЛАҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

4

Ауданда кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы өндірістік алаңдардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бұл бастама кәсіп түрлерін бір жүйеге келтіру, салааралық кәсіптерді топтастыру және оларды тиімді бақылау, әрі дамыту үшін қолға алынды.

Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты сала мамандары Майлыкент пен Балықты ауылдық округтерінде жүріп жатқан өндірістік парк (промпарк) құрылыстарының барысымен танысты.

Майлыкент ауылдық округінде жалпы көлемі 4 гектар жер бөлінсе, соның 0,25 гектары 10 кәсіпкерге беріліп, бүгінде 6 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың құрылысын 2026 жылдың наурыз айына дейін аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған.

Ал Балықты ауылдық округіндегі промпаркке 10 гектар жер бөлінген. Мұнда мал бордақылау жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда 0,90 соток жер 10 кәсіпкерге табысталып, барлығы да құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл нысандарды жыл соңына дейін толық аяқтау көзделуде.

Аудан басшысы аталған жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Промпарк – шағын және орта бизнесті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі болмақ.