ЕҢБЕК АДАМДАРЫ – ҚАЛАНЫҢ ТІРЕГІ

31

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде жұмысшы мамандық иелерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков қатысып, шаһардың дамуына елеулі үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдеріне алғыс білдірді.

 

Күнделікті көзге көп көріне бермегенімен, қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін жұмысшы мамандық иелерінің еңбегі орасан. Қала тазалығы, көркейту-көгалдандыру, коммуналдық қызмет, жол, жарық және абаттандыру салаларында табанды еңбек етіп жүрген азаматтар қала әкімінің арнайы қабылдауында болды.

 

Кездесу барысында қала басшысы әрбір еңбек адамымен жеке сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еркін форматта өткен жиында жұмысшылардың күнделікті қызметі, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды.

 

— Қаланың көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі – сіздердің маңдай терлеріңіздің жемісі. Сіздер атқарып жүрген еңбек қашанда құрметке лайық. Жұмысшы мамандықтары тек бір жыл аясында ғана емес, әрдайым қоғамның басты тірегі болып қала береді, – деді қала әкімі.

 

Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков еңбек адамдарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тіледі.

 

Жиын соңында марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектерін одан әрі жалғастыра беретіндерін атап өтті.

 

Еңбек адамын ұлықтау – қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуінің кепілі. Осындай тағылымды кездесулер жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, олардың қоғамдағы маңызын айқындай түсетіні сөзсіз.