Шымкентте әлеуметтік көмек алушы отбасыларға 5 мың дана дабыл қаққыш орнатылады

365

Шымкент қаласының барлық аудан аумақтарында қысқы жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жалғасын табуда.

Жылу маусымы басталысымен-ақ өрт пен газдан улану фактілері көбейеді. Көбіне оған пәтер иелерінің қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп. Жауапты сала мамандарының сөзінше, қайғылы оқиғалардың көпшілігі тұрмысы төмен отбасылар тұратын үйлерде тіркеледі.

Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 1 102 мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың үйлеріне газ дабыл қаққыш құрылғысы орнатылған. Өткен жылы тұрмыс жағдайы төмен 10 отбасыға пилоттық жобада газ дабыл қаққыш орнатылған болатын. Нәтижесіде екі рет дабыл беріп, 5 адам улы газдан уланудан аман қалды. Осы жұмыстар демеушілер есебінен жасалынған.

Жалпы Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек алушы 34 862 отбасы бар. Осыны ескере отырып биылғы жылы 5 мың дана дабыл қаққыш құрылғысын орнату жоспарлануда. Бұл құралдың ерекшелігі қатты және сұйық отыннан улы газ бөлініп бөлмеге тараса дер кезінде дабыл қағады.

Сонымен бірге мамандар мұржаны ұдайы тексеріп, газ жабдықтары орнатылған бөлмеге ауаның кіруін қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді. Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтайсыз!