РЕФЕРЕНДУМДЫ ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның қалалық штабының атқарған жұмыстары мен аралық есебі бойынша баспасөз брифингі өтті.
Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штаб өкілдері Бауыржан Әлтеев пен Нұргүл Қобланова атқарылған жұмыстарды баяндады.
Шаhарда референдумды қоғамдық қолдау штабының жұмысшы тобы халықтың түрлі топтарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қоғамдық штабтың қатарында үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар, блогерлер мен журналистер, жастар мен ардагерлер қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері бар.
— Қоғамдық штабтың 22 мүшесі 3 топқа бөлінген. 11 мамырдан бастап, білім ордалары, кәсіпорындар, сауда орындарында кездесулер өтуде. Халық жалпы референдумнан, қоғамдық-саяси өзгерістерден хабардар. Азаматтар еліміз үшін саяси мәні зор іс-шараға қатысуға белсенділік танытып отыр, — деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Референдумды халыққа түсіндіру бойынша қалада 162 мекемені қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 36 мекемеде, жалпы 12 мыңға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда қоғамдық штабтың әлеуметтік желілерде парақшасы жұмыс істейді. Қоғамдық штаб өкілдері атқарылған жұмыстарды осылай БАҚ өкілдеріне тұрақты түрде баяндап отырмақ.
«Шымкент келбеті» — Тағабай Қасымов