ЖАЗАТАЙЫМ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

338

Биылғы бірінші жарты жылдықта Шымкент қаласында кәсіпорындар мен мекемелерде 12 жазатайым оқиға орын алған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.

– 2022 жылдың бірінші жартысында қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерде 12 жазатайым оқиға орын алған. Оның ішінде 2 топтық жазатайым жағдай болды. Жалпы 23 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 6 адам қайтыс болды. Ауыр жарақат алғандардың саны 13 адам болса, 4 жұмысшы жеңіл жарақат алған. Тергеу материалдары іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген. Бүгінгі таңда Шымкенттегі 18 кәсіпорын осы жобаны енгізіпті. Сондай-ақ, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және
Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero – Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандум түзілген. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға Шымкенттегі 140 кәсіпорын қосылған.
– Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг тұрақты жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі таңда Шымкенттегі 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңес жұмыс істеп жатса, жыл басынан бері зиянды және қауіпті 43 жұмыс орнына еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы 112 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген, – деді Бауыржан Қалжанов.
Брифингте басқарма басшысы, сонымен қатар, өңіріміздегі 3 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылғанын да жеткізді.

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»