ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА САЯСИ ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ

270

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды. Бұл туралы AMANAT партиясының — ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

«Бүгінгі алқалы Құрылтайымыздың маңызы да, мақсаты да, саяси салмағы да айрықша! Біз пандемиядан кейін партиямыздың ең үлкен жиынын осындай форматта өткізіп жатырмыз. Бұған дейін қауіпті кеселдің салдарынан бір-бірімізбен көзбе-көз жүздесуге мүмкіндік болған жоқ. Сіздер әр өңірдің аманатын арқалап, ауыл-аймақтағы ел-жұртымыздың атынан келіп отырсыздар. Бүгін еркін әңгіме, мазмұнды талқылау болады деп ойлаймын», — деді Ерлан Қошанов AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.

Ол қазір күллі әлем күрделі кезеңді бастан өткерәп жатқанын, ал, Қазақстан – алып жер шарының бір бөлшегі ғана екенін баса айтты.

«Кейінгі жылдар біздің еліміз үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен, елі міз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі Жалпыхалықтық референдум мен Конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды. Заманның ағымына сай партияның аты ғана емес, заты да өзгерді. Тұғырнамасы түбегейлі қайта жазылып шықты»,

— деді партия төрағасы.

Партия төрағасы Мемлекет басшысы халқымен бірге көргенін, бел ортасында болған, қиындықтың бәрін тойтарып, елін алға бастап келе жатқанын баса айтты.

«Жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы»Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі болды. Бұл мемлекеттің іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтуға бағытталған теріс пиғылды күштердің қасақана әрекеті еді. Сол ауыр сәттерде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміздің болашағы үшін шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдады. Көк Байрағымызды құлатпай, өз тұғырында сақтап қалды»,

— деді ол.