КЛИЕНТТІҢ РИЗАЛЫҒЫ ШАРУАМЫЗҒА ШАБЫТ СЫЙЛАЙДЫ

407

Арамызда тәтті пісіруден алдына жан салмайтын, оны отбасына дайындап қана қоймай, көзін тауып кәсіпке айналдырып отырған, он саусағынан бал тамған пысық қыз-келіншектер жетерлік. Оларға қызығып, сүйсініп, тамсанып қарайсың. Үйрену үшін үлгі аласың. Бүгін сөз еткелі отырған сондай аяулы жандардың бірі – кәсіпкер Жанат Тұрғанбаева ханым. Ол қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін дайындап, отбасылық кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгін Жанат ханымның қызы Ұлданамен сөйлесудің сәті түсті.

— Ұлдана, дүкендеріңізге кірсем, дәмі тіл үйірер тәттіден көз сүрінеді. Мұны қалай үлгересіздер, аттарының өзінен шатасып кеттім…

— Мұны кәсіп етіп, қолға алғаннан кейін, отбасымызды осымен қамтамасыз етіп отырған соң, әрине үлгересің. Үлгермеу мүмкін емес, бізде жұмыс қызып жатыр. Біздің үй ішінен ашылған цехімізде бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. 120 мыңнан астам айлық алады. Олар өздеріңіз көріп отырғандай, кондитер өнімінің әртүрлерін жасап шығарады. Мысалы, күніне 50-ден астам торт түрлері, 1000-ға жуық самса шығарылады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпара, қуырылған түшпара қолдан бүгіліп дайындалады. Мұның бәрі, сөзсіз қол еңбегін қажет ететіндіктен, бізде шебер қыздар әрқайсысы өзінің үйренген ісін мұқият жасап, алған тапсырысты уақытылы орындап, цехтің берекесін кіргізіп отыр десем болады.

— Сіздерде торттың қандай түрлері дайындалады? Клиенттер сіздердің өнімдеріңізге неліктен құмар?

— Біздің кондитер цехімізде әсіресе тематикалық торттарға деген қызығушылықтар жоғары. Яғни, туған күндерге, арнайы іс-шараларға арналған торттар. Тосын сый жасауды ұнататын клиенттер тақырыбына қарай тапсырыс береді, ары қарай біздің шеберлеріміз өздерінің фантазиясына немесе интернет көмегіне жүгініп, ойдағыдай орындап береді. Шүкір, әзірге ешқандай шағым жоқ. Бәрі риза. Ал клиенттің ризалығы әлбетте істің әрі қарай дамуына шабыт берері сөзсіз. Сөрелерімізде дайын тұрған вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ т.б. саналуан нан өнімдері халық игілігіне ұсынылуда. Ал клиенттердің көптеп тартылуының себебі — ол дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз ең алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз.

— Тамаша! Ал енді осындай игі істің басында қалай басталғанын айтып өтсеңіз.

— Отбасылық кәсібімізді 2016 жылы бастадық. Негізі әжеміз мықты аспаз болған. Осы салада абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Әжемнің қасиеті ініме дарыған ба, идеяны алғаш болып інім бастады. Содан жайлап тапсырыс ала бастап, нарықтық заманға сай ілесіп, сұранысы мол орындардың біріне айналдық. Қолда мүмкіндіктер барда, неге жан-тәніңмен еңбек етпеске? Әлде де мұнымен тоқтап қалмай, қаладан бірнеше тәттілер сататын сауда орындарының нүктесін, сонымен қатар кофеханалар аштық. Тәубе, қаламызда студент жастар аз емес. Түрлі тәттілері мен дәмді кофе, сусындары бар кофеханаларымыз келушілерге өз қызметін ұсынуда. Ортаға таңғажайып торттарды алып, туған күн кештерін, кездесулер өткізуге әрдайым  келетін қонақтарымыз, клиенттеріміз қызметімізге дән риза.

-Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге береке тілейміз, еңбегіміздің жемісі де, өміріміз де тәтті болсын!

Несібелі Иманқұлова