АСАНБАЙ АСҚАРОВҚА ТАҒЗЫМ

314

Еліміздің түкпір-түкпірінде Үкіметтің ұйғарымымен Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аталып өтілуде.

2200 жылдық тарихы бар шежірелі Шымкент шаһарында да әкімдіктің, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының ұйымдастыруымен арнайы бір күндік шара өткізілді.

Аталған мәдени іс-шара қаламыздағы Әл-Фараби алаңындағы Асанбай Асқаров ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Туған жерін түлеткен, еліміздің ел болып еңсесін көтеруінде сүбелі үлес қосқан титан тұлғаға арналған жиынның алғашқы сөз кезегі Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға ұсынылды. Әкім орынбасары тарихи тұлғаға тағзым етушілерге қарап тұрып «Асанбай Асқарұлы —мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер. Биыл Асанбай Асқарұлының 100 жылдығы республика көлемінде Үкіметтің қаулысы негізінде аталып өтіп жатыр. Жамбыл, Алматы облыстарында аталып өтті. Бүгін Шымкентте тойланса, келер аптада Түркістан облысында жалғасын таппақ. Асанбай Асқарұлының қандай соқпақтардан өткенін, ел үшін қилы кезеңдерді бастан өткергені баршамызға белгілі. Ол болаттай беріктігімен ешбір сынақта сынбай, өзінің қайраткерлігімен ел есінде қалды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында 4 бірдей бауырынан айырылса, 3 бауыры соғысқа аттанып, біреуі ғана елге аман оралған екен. Осындай тағдырлы азаматтан мемлекет қайраткері шығып, оның бар ғұмырын, күш-жігерін елдің өркендеуіне арнауы — біз үшін үлгі. Яғни, әрбір іргелі істің артында үлкен жауапкершілік пен тағдыр жатқанын көруге болады. 26 жылдай бірнеше облысты басқара жүріп, елді өркениетке жетелеген игі істің басы-қасынан табылды» — деп тебірене сөз сөйледі.

Асанбай Асқаровтың қызы Жаннет Асанбайқызы ұлты мен мемлекет мүддесі үшін аянбай тер төккен әкесіне жасалып жатқан құрметке айрықша алғысын білдірсе, еңбек ардагері, металлург Аманәлі Абдраманов Асанбайдай асқар тауымызбен бірге қызмет еткен жылдары туралы айтып, оның азаматтығы мен даналығына тоқталды.

Ұлы тұлға Асанбай Асқаровтың ескерткішіне Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы, Асқарова Жаннет Асанбайқызы, Түркістан облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері және қоғам қайраткері Тұрсынқұл Исмат Тұрсынқұлұлы, қоғам қайраткері, ардагер Бейсбаева Әсен, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі металлург, қайраткер Аманәлі Әбдіраманов, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлебаев Кенжехан Атақұлыгүл шоқтарын қойды.