ЖҰМЫС БЕРУШІ КҮНІ

347

15 қараша күні Түркістан облысының білім басқармасына қарасты «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» МКҚК-да «Жұмыс берушілер күні» мерекесіне бағытталған іс-шара жоспары бекітіліп «Ашық есік» күні өткізілді. Республика бойынша бір уақытта өткізілген бұл іс-шараға колледжде оқытылатын 8 мамандық бойынша жұмыс беруші ұйымдардың басшылары мен Түркістан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директоры Жанполай Қыдырбайұлы, Сауран ауданы жұмыспен қамту орталығының директор орынбасары Азамат Ержанұлы, әлеуметтік серіктес «Ныш-Ер» ЖШС заңгері Талғат Маратұлы, Ескі Иқан ауылдық округі аппаратының бас маманы У.Муслимовалар қатысты. Жұмыс берушілер мен келген қонақтар білім алушылардың өндірістік сабақтарда дайындаған өнімдерінің көрмесін тамашалап, өндірістік оқыту шеберлері дайындаған шебер-сыныптарына қатысып, колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты, жиын соңында жоспар бойынша қорытындылау негізінде қойылған дөңгелек үстелде бас қосты. Пікір алмасу барысында академиялық дербестік шеңберінде оқу процесіне енгізуге болатын оқу нәтижелерінің мазмұны бойынша жұмыс берушілермен ұсыныс, пікірлер жүргізілді. Дуальды оқытуға байланысты жасалған бағдарламалардың мәселелерін шешу жолдары да қарастырылды. Осы бағытта жұмыс берушілердің қолдауын қажет ететіндігі назарға алынды.

«Жұмыс берушілер күніне» арналған салтанатты жиында колледжбен тығыз байланыста болған жұмыс берушілер Қазақстан Республикасы, Оқу-ағарту министрлігінің және Ескі Иқан ауылдық әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жұмыс берушілер күніне арналған жұмыс жоспары бойынша «Нарықтық экономика» пәні оқытушысы М.Шарапов пен тарих пәні оқытушысы Ш.Рапиев «Жұмыс беруші мен жас маманның жұмысқа қабылдау жөніндегі келіссөздері» тақырыбында іскерлік ойынын өткізсе, колледж педагог-психологі Ш.Рафиқов «Мен таңдаған мамандық» психологиялық тренингін ұйымдастырды. Кейбір мамандықтар бойынша әлеуметтік серіктестік шеңберінде іскерлік келісім-шарт түзіліп, меморандумдарға қол қойылды.