ШОРНАҚТЫҢ ШЫРАЙЫ КІРЕ БАСТАДЫ

231

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген онлайн конференциясында айтылған жайдың бірі — ауылдық жерлерді биліктің ұмыт қалдырып, соңғы жылдары тозып, тоқырағандығы. Оны алдағы уақытта барынша жаңғырту, кешенді дамыту туралы тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілді.

Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылып, енді орныға бастағанда төте сайлау жолымен Шорнақ ауылдық округі әкімінің орынтағына сайландым. Әрине, осы ауылда туып өскендіктен болар жерлестерім қолдау көрсетті. Олар сеніммен бірге талап та қойды. Аманат та тапсырды. Алғашқы қызметтік күндерді танысудан бастадым. Байқағаным Шорнақ аудан орталығы болғасын біршама өзгерістер әкеліпті. Әсіресе, көшелерді абаттандыру ғимараттардың қас беттерін әрлендіруге көңіл бөлініпті. Аудан әкімі Ғ.Рысбековпен болған алғашқы кездесуімізде ол кісінің көріктендіру жұмыстарына аса көңіл бөлетіндігін байқадым. Қысқа уақытта дайындалған кешенді перспективалық жоспарлар да тек менің ғана емес өзге де жұртшылықтың ойынан шығып жатқанын көрдім. Және жаңашылдыққа жаны құмарлығы, кез-келген ойлы, жүйелі пікірлер мен ұсыныстарды қолдайтындығы ойымнан шықты. Бұрын қаншама басшылық жұмыстарды атқарғаныммен әкім болудың қиындығының да жетерлік екендігін түсіндім.

Мен қызметтің ара-арасында мамандарыммен бірге тұрғындарды аралап, проблемалық мәселелер жоспарына енгізе бастадым. Бұрыннан қордаланып қалғандары да бар екен. Әсіресе, заңсыз салынған құрылыстардың барлығы қынжылтты. Әрине, бүгінде оны дау-дамайсыз заң жолымен шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз.

Аудан әкімінің бастамасымен қараша айында сенбілік ұйымдастырылды. Ауыл ішіндегі көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылып шығарылды. Талдар әктеліп, әрлендіру жұмыстары мейлінше жүргізілді. Сонымен бірге 500 көшет отырғызылды. Әрине, бұл ретте өзге ауылдық округтерден келіп аудан орталығын абаттандыруға қолғабыс еткен әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Кейбір көшелерді тұтасымен өз қамқорлығына алып жүрген көрші аумақтың азаматтарына да үлкен алғыс. Осындағы мектеп, емхана ұжымдарының еріктілеріне де алғысым мол. Мұндай игі істердің басында шорнақтықтардың өзі жүрді. Ардагерлер кеңесі, Ақсақалдар алқасы сынды қоғамдық ұйымдар осындай бастамалардың ұйытқысы бола білді. Шаруашылық иелері, жекелеген кәсіпкерлер әлгіндей шаралардан қалыс қалмай, бел ортасынан табылып жатты.

Қолында техникасы бар азаматтар да қол ұшын тигізді. Мәселен, Нұрлан Асылбеков деген азамат ауыл арасындағы ретсіз кеткен күл-қоқыстарды өз есебінен тегістеп, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Әкімнің басты міндетінің бірі ауыл тұрғындарының өтініштеріне сергек қарау. Ауыл әкімі ретінде бұл қағиданы мықтап түсінгендей болдым. Жуырда Амантай Сариев деген ауыл адамы жеке қабылдауымда болды. Өзімен бірге Алтынсарин көшесі 2-ші тұйығында тұратын тұрғындардың өтінішін арқалай келіпті. Мәселе демеушілердің қайырымдылығы арқасында оң шешілді. Көшеге тас төселіп кіші жөндеулер жүргізілді. Шорнақ бұрын аудан орталығы болған. Осы аумақтағы халқы тығыз орналасқан елді-мекен дегенімізбен кейбір мәселеде кенжелеп қалғаны рас. Көшелер талапқа сай реттелмеген. Жарықтандыру мәселесі, жолаушылар жолы, халықты ішкі тасымалдау толыққанды қарастырылмаған. Дегенмен, бұл орталықтың келешек тұжырымдамасы осы проблемаларды қарастырып отыр. Бірақ оның бәріне уақыт керек. Әрине, уақытша болса да бұл жағдайды шешу жолын қарастырудамыз. Ол аудан әкімінің басты бақылауында тұр. Жуырда Шорнақ жалпы орта мектебі, мәдениет үйін аудан әкімдігі алдындағы кептелісті жою мақсатында ауыл әкімі ғимараты жанындағы бос жерге тас төселіп, тегін тұраққа айналдырылды. Балалар қауіпсіздігінің алды алынды. Бүгінде бұл жерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тағы да Алмас Достанов, Аялап Аминов сынды мырзалардың еңбектерін айтып өтпеске болмайды. Әрине, алдағы кезде осындай бірнеше ойдағы ұсыныстарды қолға алсақ деген жоспарымыз бар.

Шорнақ бүгін ауыл болғанымен ертең оның кент, қала болатындығын нық сеніммен айта аламын. Тек бұл жолда біздерге бірлік керек. Үлкен тәрбие қажет. Ежелгі Сауранның тұрғыны деген қасиетті атқа ие болатындай мінез қажет. Ол бүгінде қалыптасып, қайта жаңғырып келеді. Тек соны жадымызда ұстағанымыз абзал.