ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАСТАЙТЫН ҚАДАМ
Алда өтетін сайлаудың еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғыртудың тетігі ретінде маңызы зор. Бүгінде көршілес мемлекеттерде қақтығыстар өршіп тұрған кезде, еліміздегі ең маңызды мәселе тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау екенін айқын түсінеміз. Сондықтан мемлекеттің, оның ішінде бейбіт елдің тізгінін ұстаған адамның реформаларын, бастамаларын қолдаған жөн. Халық сайлауды жұмыла қолдай отырып ертеңгі күнге деген сенімділікті, жарқын болашақты қамтамасыз ететініне шүбәсіз сену қажет. Сондай-ақ Президенттің Конституциялық реформа нәтижесінде өз өкілеттігін атқару кезінде партия қатарында болмағаны да сайлаудың ашық және сенімді өтетініне үміт арттырады.
Қазіргі таңда сайлау науқаны қарқынды өтіп жатқанын көріп отырмыз. Президенттікке тіркелген үміткерлер аса белсенділік танытып, өңірлерді аралап, халықтың хал-жағдайымен танысуда, яғни ішкі саяси өмір қыза түсті. Кез келген жетілген қоғам үшін Президент сайлауы айтулы шара. Елді біріктіретін, жаңа Қазақстан құратын, жаңашылдыққа бастайтын, халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтын, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет болуды аңсайтын халық енді өз таңдауын жасайды.
Десе де, ел арасында соңғы жаңалықтардан, оқиғалардан байқағанымыздай, сайлауға деген көзқарас өзгеруде. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Ендеше, осы бейбіт күніміз, ашық аспанымыз, тұрақты мемлекетіміздің одан әрі өркендеуі үшін дауыс берейік. Біздің әрқайсымыз Қазақстан атты үлкен отбасының бір-бір мүшесіміз. Сондықтан, жоғарыда айтып өткендей, айтулы шарадан қалыс қалмайық. Президент сайлауына бір кісідей қатысайық!
Лиза ШӘМЕТ,
қалалық мәдениет үйінің директоры.