«ТҮРКІСТАН -ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖҮРЕГІ»

240

Күнделікті өтіп жатқан алуан түрлі, сан тақырыпты һәм бір ізді, болмаса бір сарынды есепті жиналыстардан тым бөлек. Бөлек болатыны атаулы кеш рухани әрі әдеби кеш. Анықтап айтқанда қазақ әдебиет сынының алыбы, белгілі ғалым, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма мүшесі Құлбек Ергөбектің 70 жылдық мерейлі тойына арналған шаралардың алғашқы басы-тұғын. Соның ішіндегі ең қымбатты әрі салмақтысы болуы керек (әрине мерейлі тойдың халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде тойланатынын ескерсек, сөзіміз шараның ауқымы тұрғысынан емес мәні мен мағынасы жағынан айтығанын тура түсінгеніміз оң болмақ).

Олалай болатыны сыншының туған жері Отырар ауданы ең алғашқы болып осы тойды бастап беріп отыр. Әрбір адам боласы үшін туған жерден артық не бар дейсің. Төлеген Айбергеновтың «Мен жалғыз-ақ туған жерді сүйемін, Сол арқылы сүйемін мен барлығын» деп жырлауы туған жер киесін тіпті де терең, тіпті де мәнді әрі мағыналы етіп көрсетіп тұрғандай. Осы талап тұрғысынан Құлекең үшін де туған жер құрметінен артық құрмет, сол өңір қошаметінен артық қошамет болмасы анық. Бір кездері ғылым мен білім іздеп аттанған бала Құлбек, бүгінде арысы тұтас түркі әлеміне, берісі барша қазақ еліне аты мәшһүр дана Құлбекке айналып, туған жер даңқын аспандатып тұрғаны белгілі. Содан да «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп тақым қысаты ұлттық таным осы бір жоғары құрметті жастатай қоймасы анық.

Атаулы кеш шаһарда 27-29 мамыр күндері аралығында өтеді деп жоспарланған «Түркістан -түркі әлемінің жүрегі» атты Отырар ауданының мәдени күндері аясында өтті. Кездесу басталар алдында жерлестері ғалымның астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Тұлпарды тақымдаған Құлекең «Туған жердің сыйынан бас тартуға болмайды ағайын» деп ақтарылып, туған жұртына ризашылығын білдірді.

Әрбір қырпулы қаламгерддің өзгелерден өзгешеленіп көрінетін жазушылық жолы, іздену, еңбектену әдісі, бөлекше жасампаздық келбеті болады. Бұл жағын тектеп қарастырғанда өз алдына оқшауланып, дараланып тұратын шығармашылық шеберханасы бөлекше қаламгердің бірі әрі бірегейі Құлбек Ергөбек екені ақиқат.

Кемі де жоқ, артығы да жоқ. Бізге белгілі, әлемдік ақыл-парасатпен өмір сүрген адам баласы ішінен шыққан дара талант иелері өздерінің еселенген еңбек жемістерімен басқалардың көзіне биіктеп көрінеді. Әрине, тартымды талғам, жасампаздық өнер жарсында өзіндік жарамдылығымен топ жарып, даралығымен көкірек керіп, табан ет маңдай терін төгуі арқылы өз қарымдылығын аңғартады. Қаламгер ретінде Құлбек Ергөбек осылай жасады. Анық дәлелі елу жасқа 6 томдық «Арыстар мен Ағыстар», алпыс жасқа 7 томдық «ТҮРІКСТАН жинағы» (Түркістан жинағы деп шатастырмау ләзім), жетпіс жасқа 6 томдық «Дара сөз», «Қара сөз», «Өлең сөз», «Сара сөз», «Баян сөз», «Бала сөз» ( баспадан «Адамның бір қызығы бала деген» атпен тақырыбы өзгертіліп басылып шықты) шығармалар жинақтарымен келді. Бұл дегеніміз көп томдық шығармалар жинағының өзі 19 томдық болып дайын тұр дегенді білдіреді. Біз бұл жерде қаламгердің алғашқы кітабынан бастап санап отырғанымыз жоқ. Атаулы кітаптардың әрбірінің баспа табағының өзі 30-35 болатыны тіпті өз алдына. Енді әр жылдары, тіпті күні кешеге дейін, алда басылып шығуы керек кітаптарын, сосын басылымдардар жарияланған үш мыңға жуық мақаласын, сұхбаттарын, әлеуметтік желі арқылы жазып жатқан өткір-өткір ой-толғамдарын есептей беріңіз. Бұл бәрін жинап томдық жасау дегенді білдірмейді. Бар болғаны қаламұш әлемі үздіксіз еңбек етіп жатқанын айғақтап тұр.

Құлбек Ергөбектің енді бір елеулі еңбегі Түркістан руханияты үшін жасаған мәдени ошақтары. Нақтылап айқанда «Түркі тілдес халықтар кітапханасын», ­«Бейсембай Кенжебайұлының түркітану музейі», «Түрік халықтары өнер галереясы». Бұл еңбектің қайсы бірін алып қарасақ та, қай біріне мадақ айтсақ та жарасып-ақ тұр. Бірде-бір түркі халықтары ғалымы, не жазушысы, тіпті кәсіпкері жүзеге асырмаған осы бір игілікті жобаны киелі шаһарда Құлбекең ғана жасай алды. Есесіне осы еңбегін күллі түркі халықтарына арнады. Осы жолда күні бүгінге дейін шырылдап жүр. Соның ішінде «Түркі тілдес халықтар кітапханасын» өзінің жеке кітапханасы негізінде ұйымдастырған. «Ана тілі», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жазылған мақалалар мен көп жылдық еңбектің арқасында Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес 2009 жылдың наурыз айынан бастап осы кітапхана құрылып, жұмыс істей бастаған. Түркітілдес халықтарға ортақ тарихымыз бен әдебиетімізді, мәдени мұраларымызды насихаттауды мақсат етіп үлкен жұмыстар атқаруда. Әр жылдары, әр қиырдан ат басын бұрған түрколог ғалымдар: «Мұндай кітапхана түркітілдес халықтардың ішінде қазақ елінен басқа бірде-бір елде жоқ» деп таңдай қаға баға бергені кітапхана мәртебесін асқақтатып тұрғаны хақ. Әу баста профессор Қ.Ергөбектің 16 мыңдық жеке кітаптарынан бастау алған кітапхананың қоржыны күн сайын, жыл сайын толығу үстінде. Кітапхана қоры бүгінгі таңда 50 мыңнан асып, оқырмандар саны арта тү скені құптарлық жайт. Алтай, әзербайжан, қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, түркімен, гагауыз, абхаз, башқұрт, қарашай, қарайым, қарақалпақ, құмық, малқар, ноғай, саха, хакас, татар және т.б. түркі халықтарының тарихы мен әдебиетін, мәдениетін сипаттайтын 24 тілдегі кітаптар жинақталған.

«Бейсембай Кенжебайұлының түркітану музейі» құрылғанына он үш жылдай уақыт болыпты. Сондағы «Лебіздер кітабына» түскен бірінші пікірді Дүниежүзілік түркітанушылар қоғамының президенті, қарайым тілі грамматикасының негізін салушы, мәскеулік түркітанушы Кеңесбай Мұсаұлы жазыпты. «Қазақ Мемлекеттік университетінде білім алған атақты ғалым, ұстазым ­Бейсембай Кенжебайдың музейінің қасиетті жерде, Түркістанда құрылуы қазақ зиялылары үшін үлкен оқиға. Бұл өте тамаша бастама! Түркология ғылымын бүтін Түркістанда ­дамытуда, ғылымның сапасын бұдан әрі қарай көтере беру үшін де музейдің маңызы зор. Осы жолда Бейсембай Кенжебайдың өмірі, ғылымға, өз халқына, Отанына жан-тәнімен сіңірген еңбегі жастарға жолбасшы болады. Ұйымдастырушы Құлбек Ергөбекке ризамын!» деген екен академик.

Осылай санай берсек кете береді. Шаһардағы «Сәбина» бала бақшасының өзі көп жұрттың алғысы мен мадағына бөленіп жүргені жасырын емес. Бар артықшылық методикасында. Мәселен қазақ әдебиетінің классиктерінің балаларға арналған шығармалары осы бала бақшадағы тәлім алушыларға бағытталып, терең талданып оқытылады. Келесі білім ошағы «Профессор Құлбек Ергөбектің бастауыш зияткерлік мектебі» деп аталады. Мұндағы білім беру тағы бөлекше, өзіндік даралыққа ие. Мысалы биылғы соңғы қоңырауға арнаулы ат басын тіреп, оқушыларға ақ жол тілеген Құлекең, балаларға кітап сыйлап, кітап оқудың мәні мен маңызын түсіндірді. Ата-аналар осындай жүйелі білім ошағын ашып, тамаша білім беріп жатқан ұжымға алғыстарын жеткізді. Осының өзі мектептің шын мәнісінде сөзбен емес, нақты іспен жұмыс сітеп жатқанын анық көрсетеді.

Әдебиетті ардың ісі деп білетін Құлбек Ергөбек өзіндік шығармашылық мектеп қалыптастырған қарымды қаламгер. Қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев «Ергөбековті Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек. … таңқалдыра біледі. Тамсандыра біледі» деп бағалауынан артық баға болмаса керек. Осыдан асып сәуегейлік танытудың, болмаса мадақ айтудың өзі артық.

Жалпы әдебиет майданында, тек әдебиет емес руханиятта бір кісідей елеулі еңбек етіп келе жатқан Құлбек Сәрсенұлы Ергөбек жетпістің сеңгіріне аяқ басты. Тек еңбектенумен, тер төгумен келеді. шығармашылықты бір сәтте тоқтатқан емес. Беріп болдым деп емес, енді не берсем екен деп жанкештілік танытуда. Анығы тәуелсіздік жылдарынан кейінгі жастар шығармашылығында қарап, бақылап, үнемі оқып өз бағасын беруден танған емес. Таза шығармашылық адамы осындай болса керек.

Туған өлкесі бастап берген атаулы той тойдың басы. Енді өз кезегімен жалғасын табатын шаралар тізбегі мол екені даусыз.

Осы кездесуде «Түркі тілдесі халықтар кітапханасы» ұжы-мы Құлбек Ергөбектің авторлық кітаптары мен құрастырған, алғы сөз жазылған кітаптарын, сонымен қатар басқада қатысы бар (мәселен Құлекеңе авторлардың қолтаңбасымен сыйға тартылған кітаптар) кітаптардан көрме ұйымдастырды.