Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ:  «СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА БЕРУ – ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЕМЕС»

250

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков БАҚ өкілдерімен кездесті. Ол өткен жылы атқарылған, биылға жоспарланған жайларға тоқталды. Журналистер қаланың табиғи газбен қамтылуы, жаңа Әкімшілік іскерлік орталығында балабақша, мектеп жоқтығы, ғимараттарды сенімгерлік басқаруға берудің тәртібі, тегін жер үдерісінің тоқтап қалуы туралы сұрақтар берді.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 6 сектор аумағында орналасқан тұрғындардың табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыс жобалары толығымен аяқталған. Жыл басынан бері қоса алғанда пайыздық көрсеткіш 90,2 пайызды құрады. Қалада 52 мың абонент болса, 4568 отбасы үй маңына жеткізілген табиғи газды үйлеріне қоса алмай отыр.

Жергілікті әкімдік, еріктілер мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бірлесе отырып, қала тұрғындарын толық табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, жобадан тыс қалып кеткен жеке тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін, арнайы жұмыс жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды. Нәтижесінде қала тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші жоғарылайды. Қала тұрғындарын қынжылтып отырған жайдың бірі қаладағы ескі автобустардың көптігі.

— Қаламыз халыққа қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамытамыз. Былтыр 40 жаңа автобус сатып алынып, жолға шықты. Автобустар дизель отынымен жүреді. Салқындатқышы бар. Мүгедектерге қолайлы. Қоғамдық көлік 19 пайызға жаңарды. Биыл 30 жаңа автобус қосылады. Өздеріңіз білетін Tolem жүйесін енгіздік. Бұл халыққа ыңғайлы, тасымалдаушыларға қолайлы жүйе, — дей келіп, бұған жан-жақты тоқталды.

Түркістан қаласында жалпы 24 қоғамдық көлік бағыты және 2 тасымалдаушы мекеме («Жолаушы» ЖШС, «ТехПрофАвто» ЖШС) тіркелген. Оның қазіргі уақытта 19 бағыты тұрақты тасымалдауды жүзеге асыруда. Қызмет көрсетіп жүрген қоғамдық көліктердің жалпы саны — 220. Оның ішінде 60 данасы сыйымдылығы жоғары автобустар.

2021 жылы қалаға жаңадан 40 автобус алынып, жаңа №14, 15, 18 қалаішілік қоғамдық көлік бағыттары ашылды. Сонымен қатар, №1а бағытындағы ескі автобустар жаңартылған болатын. Қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 2021 жылдан бастап қалаішілік №1, 1а, 30, 14, 15, 18 бағыттарын субсидиялау жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы қосымша жаңа 50 автобус алынып, қалаішілік №10 және 6 бағыттардағы шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қосымша 3 жаңа бағыттар (№16, №17, №20) ашу жоспарланып отыр. Бұл жаңадан ашылатын бағыттар Түркістан қаласының Баянауыл, Шәуілдір тас жолы бойындағы тұрғындарын қаланың орталық шегіне және әкімшілік іскерлік аумағына тасымалдайтын болады. Сондай-ақ, Түркістан халықаралық әуежайына тасымалдауды жүзеге асыратын бағыт қарастырылуда. Қалада 15,6 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.

Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 600 мың шаршы метрді құрайтын 160 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 170,2 мың шаршы метр құрайтын 42 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 2561 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткізді. 2020 жылмен салыстырғанда 6 есеге артық, дегенмен үй кезегінде тұрған азаматтар санын ескере отырып, бұл әлі де өте аз.

2014-2021 жылдары Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту мақсатында 2510 пәтер берілген болатын.

Қазіргі таңда сол пәтерлердің дұрыс пайдаланылуы мен таратылуын реттеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Қаладағы кейбір кезекте тұрған азаматтарының шағымдарын ескере отырып, жұмысшы топ бірнеше бағытта зерделеу жұмыстарын атқарады. Биыл 400 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 6224 пәтер халықтың игілігіне беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда Түркістанда үй салып алуға жер кезегінде 33 мың адам тұр. Тегін жер беру мәселесіне тоқталған әкім алдағы уақытта инфрақұрылымы жасалған аумақтарды келесі жылдан бастап беруге болатынын мәлімдеді.