ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 5 КАНАЛҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

209

Биыл Еңбекші және Қаратау аудандарында орналасқан жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын 5 каналда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай шаралар қаладағы су басу қаупі бар аумақтардағы ирригациялық жүйелерді жақсартады. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов былтырғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша қала әкіміне есеп беруі кезінде баяндады.
Салаға жауаптылар қазір 18 қауіпті аумақта төтенше жағдайды алдын алу бойынша жұмыстарды күшейткен.
Қалада тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлі күнге өзекті. Мұрат Әйтенов басқарма басшысына халықтың экологиялық мәдениетін арттыруда, тұрмыстық қалдықтарды жүйелі жинастыру бойынша кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Биылдан бастап әр ауданға 10 экологиялық полиция қызметкері бөлінеді. Құзырлылар жергілікті тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шаралар қоршаған ортаны таза ұстауға, экологияны жақсартуға мүмкіндік береді»

— деді қала әкімі.

Сондай-ақ қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысын қатаң қадағалауды ескертті. Мұрат Дүйсенбекұлы басқарма басшысына алдағы уақытта бөліп төлеу әдісі арқылы жер үйлерге де тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған арнайы контейнерлер орнату бойынша компаниялар тарапынан тиімді ұсыныстар дайындауды тапсырды.