«КІЛТ» АТТЫ ЖАҢА ГҮЛЗАР ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Шымкентте қаланың сәулетін ашып, демалуға арналған гүлзарлар саны тағы біреуімен толығады. Жаңа нысан Сәуле шағынауданынанда салынады деп жоспарланған. «Кілт» деп аталатын гүлзардың құрылысы осы жылы басталады. Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы хабарлады.
Қазіргі таңда шаһарда аталған мекемеге қарасты 9 саябақ, 39 гүлзар мен аллея, 50 ескерткіш, 44 ұңғыма, 37 субұрқақ бар.
Салаға жауаптылардың айтуынша, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында қала аумағындағы басқармаға қарасты қаланың саябақтары мен гүлзарларына 4000 дана ағаш көшеттері отырғызылып, көгалдандырылған. Ал қаңтар айында 75 641 дана қызғалдақтың көшеттері егілген.
Сондай-ақ, 8 саябақ, 27 гүлзар, 33 субұрқақ пен 33 ескерткіштің мемлекеттік тіркеу актілерін қайта тіркеу жұмыстары жүргізіліп құжаттандырылған. 12 гүлзар, 17 ескерткіш, 5 субұрқақтың жерге орналастыру құжаттары дайын. Оларға мемлекеттік акт алу үшін басқа да құжаттары рәсімделуде. Бұған қоса 37 субұрқаққа консервация (құру, жинау) жұмыстары жасалыныпты.
Биылғы жылы да саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстары жоспарға сай жүргізілетін болады.