ИГІ ІС – ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ, ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНІҢ КЕПІЛДІГІ

432

Еліміздің саяси жүйесінде көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Соның ішінде шет елге асқан байлықтарды елге қайтару мәселесінде сең қозғалды. Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Содын бері біршама тірліктер атқарылып, елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы ашық жарияланып келеді.
Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалады, деп атап өтті Мемлекет басшысы.
–Заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», — деді Қ. Тоқаев.
Жауапты мекемелердің нәтижелі жұмысынан шет елден қаншама қаржы елге қайтты. Жаңа Қазақстан жолындағы жарқын жұмыстар халықтың көңілінен шықты. Жалпы тәуелсіз сарапшылар жалпы шетелге заңсыз шығарылған қаражат көлемі 160-200 млрд долларға жетуі мүмкін екенін болжаған. Ал экономистер бұл – тұтас Қазақстанның жалпы ішкі өніміне тең екенін айтады. Сондықтан «қайтқан малда – қайыр бар» дейді. Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру жолындағы мұндай игі істер – заң үстемдігінің болуы, елдегі әділеттілік принципінің болуы, экономикалық өсімнің кепілдігі болмақ.

Ш.Мырзахметов — Мемлекет және қоғам қайраткері