ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАУ – БАСТЫ МАҚСАТ

356

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015 жылдың желтоқсан айында қабылданған Әдеп кодексінің талаптарын орындау үшін мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіруге жауапты құрылым қалыптастырылды.

Президент Жарлығының негізінде орталық мемлекеттік мекемелерде және облыс әкімдерінің, республикалық дәрежедегі қала әкімі аппараттарында этика жөніндегі уәкілдердің тәуелсіз лауазымы енгізілді. Қалалық және аудандық деңгейлерде этика жөніндегі уәкілдің функциялары әкім аппаратының жауапты қызметкерлеріне жүктелген.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек. Халық мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз, әрі адал қызмет етеді деп сенеді.

Ендігі кезекте мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы тиіс. Осы ретте біздің негізгі қызметіміз — мемлекеттік органдардың қоғамдағы рөлін күшейту және мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру екенін ерекше атап өткен дұрыс.

Басты міндет — мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру. Қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметшілер халықпен сыпайы, салмақты түрде сөйлесуі тиіс. Әдеп жөніндегі уәкіл, жалпы мемлекеттік қызметшілер — мемлекеттің сенімді өкілдері. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетіледі. Ал, қызметшілердің құқығы бұзылған жағдайда әдеп жөніндегі уәкіл оларды қалпына келтіру шараларын жасайды. Сонымен қатар, мемлекеттік орган басшылығына заң бұзуға итермелейтін себептер мен жайттарды жоюға қатысты ұсыныстарын айтып, азаматтық қоғам институттары мен өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеді.

Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Қызметкерге сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын, адал, баршаға ортақ қабылданған іскер стиліне сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған.

Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, іскерлікпен, ұстамдылық және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы қатаң сақталғаны жөн.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауы тиіс.

Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілігін сезінуі қажет.

М.АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі