ШАРУАЛАР ҒЫЛЫМҒА ОҢ ҚАБАҚ ТАНЫТСА, ӨНІМНІҢ КӨЛЕМІ АРТАДЫ

413

Шымкент қаласында жылдан жылға өндіріс орындары мен әлеуметтік нысан құрылыстарының көптеп салынуынан егіс алқабының көлемі қысқарып келеді. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған кезде ауыл шаруашылығы жерлері 64 мың гектар болса, бүгінгі таңда 27 мың гектарға азайып отыр. Десек те, қала маңында дәнді-дақыл, майлы дақыл, мал азықтық дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерін өсіру бағыты кенжелеп қалған жоқ. Шымкенттің топырағы саздауыт болғанымен, күннің жылылығы саладағы тірлікті жандандыруға күш береді.

Ауыл шаруашылығы саласының өнімділігіне жергілікті географиялық жағдайлар сөзсіз әсер етеді. Сондықтан да, аймақтардың ерекшелігін ескеру өте маңызды. Қай жерде не өсірген абзал? Бұған ғылыми негіздеме бар ма? Осының бәрі ескерілуі керек. Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Досымбек Сыдықтың айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығы өндірісінің белгілі бір түріне маманданған бірнеше аймақ бар. Маңғыстау облысындағы шөлейт аймақтан Түркістан облысына дейін бес аймақ бар. Шығыс Қазақстан облысында дала, құрғақ дала, шөлейт, тау бөктеріндегі шөлді-дала, Орта Азия және оңтүстік Сібір таулы аймақтарында арнайы мамандандырылған жерлер бар. Қазақстанның орманды дала аймағын ең өнімді және тұрақты аграрлық өндірісі бар шағын аумақ алып жатыр. Бұл жерлер астық және сүт, картоп, майлы дақылдар өндірістерін дамытуға бағытталған. Егер Ақмола облысы егін шаруашылығына маманданса, Ақтөбе облысында егін және мал шаруашылығы, ал Шығыс Қазақстан облысы дәнді-майлы дақылдар өсіруге бейімделген. Алайда әр аймақ белгілі шаруашылыққа ыңғайланған болса да, жалпы ауыл шаруашылығының негізін егін шаруашылығы құрайды.
–Шымкент қаласының топырақ құрамы еліміздің орталығы мен солтүстігі секілді аса құнарлы емес. Әйтсе де, климаттық жағдай өте ыңғайлы, жылы ауа райы бар. Сондықтан Шымкенттің айналасына көкөніс, жеміс-жидек және бақша өсіруге басымдық беру керек. Шымқаланы осы шаруашылыққа бейім аймақ деп айтуға болады. Бүгінде ғалымдар арасында өсімдіктің негізгі қоректенуі жөнінде пікірталас бар. Бір тарап өсімдіктер өсуі, мол өнім беруі үшін тамырдан көбірек қоректендіру керек дегенді ұсынса, өзге ғалымдар жапырақ арқылы көбірек қоректенеді дейді. Екі жақтың да тұжырымы дұрыс. Алайда бұл географиялық аймаққа да байланысты. Сәбіз, картоп секілді бақша өнімі көбіне азықты топырақтан алады. Мәселен, еліміздің солтүстігіндегі жерлер қарашіріндіге бай болғандықтан тамыр-жемісті өсімдіктер жақсы өседі. Екінші тараптың пікірі бойынша, күн нұрынан өсімдіктің жапырағында фотосинтез түзіліп, сахароза мен фруктозаға айналады. Мұның бәрі адам ағзасына күш беретін, пайдалы көмірсулар мен талшықтар. Топырағы саз, құнарсыз болса да, оңтүстіктің тіл үйірер алмасы, жүзімі, өзге жемістерін, дәруменге бай қияры, қызанағын басқа өңірден таппайсыз. Сондықтан, қала төңірегіне көкөніс пен жемістен асқан ұтымды шарушылықты көріп тұрғаным жоқ. Қаламыз мегаполис екенін, жылдан жылға егістік жерлер қысқарғынан ескерсек, көкөністі жылыжайда өсірген әлдеқайда тиімді, — дейді ғалым.