«ЕЛІМ, ЖЕРІМ ОРНЫНДА»

215

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің туғанына – 108 жыл. Ұлтының басына қиын-қыстау күн туғанда өзгелерден өзінің қайтпас қайсарлығымен ерекшеленген тұлғаның атында бүгінде Шымкентте іргелі оқу орны бар. Сол Тәшенев университетінде атаулы датаға орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, Тәшенев есімі ұлықталуда. Бұл туралы айтпас бұрын біз оқырманға Тәшеневтің елдің өсіп-өркендеуі жолындағы қайраткерлік істері жайлы азды-көпті мәлімет бере кетуді жөн көріп отырмыз.

 

Тарихтан білетініміздей, КСРО-ның тұсында қазақ жерінің территориялық тұтастығына жойқын шабуыл жасалды. Алып империяның бірінші хатшысы Н.С.Хрущев кең байтақ еліміздің солтүстігінде орналасқан бес бірдей облысты біріктіруді көздеді. Одан кейін өзінің жымысқы саясатын жүргізу мақсатында «Тың өлкесі» (Целинный край) деген аймақ құрып, оны Ресейге қосуды жоспарлады. Тың өлкесінің басшылығына Т.И.Соколов деген өз адамын жіберді. Ол империялық пиғылды жүзеге асыру үшін «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тартты.
Бұл – бүгінде ақиқаты ашылып жатқан тарих сахнасының бір көрінісі. Ел басына күн туған сондай сәтте оларға арда азаматтарымыз араша түсті. Солардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев еді.
Жұмабек Ахметұлы (1915-1986) қазіргі Ақмола облысы Аршалы ауданында дүниеге келіп, 71 жасында Шымкент қаласында тұрып, осында өмірден өткен азамат. Ұлт жанашыры Ақмола құрылыс техникумын (1932) және КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Еңбек жолын Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. Еліміздің басына бұлт үйірілген соғыс жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары (1939-43), Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шарушылығы бөлімінің меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1943-52) болды. Одан кейін Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы (1952-55), Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы (1955-60), Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы (1960-61) сияқты еліміздегі ең бір жауапты қызметтерді атқарды.
Өкінішке қарай, елге тұтқа болған азаматты кеңес билігі тым ерте жағаға итермеледі. Ең алдымен Жұмабек Тәшеневті сол кездегі Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары ретіндегі қарапайым қызметке ауыстырды (1961-75). Алпыс жасқа толар шағында зейнеткерлікке шығарылды. Ол бұдан кейін ғалым ретінде Шымкент қаласындағы «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында өмірінің соңына дейін қызмет атқарды.
1960 жылға қарай сәл шегініс жасайық. Бұл кезде толықтай дінсіздер қатарына қосылдық. 500-ден астам қазақ мектебі жабылды. Қазақ балалары орыс тілді мектептерде білім алды. Ең үлкен қасіреттің бірі елдегі демографиялық ахуал еді. Қазақ халқы өз отанында, өз жерінде отырып азшылыққа айналды. Қазақ халқының үлесі 29 пайызға дейін түсіп кетті. Жерімізге де қауіп төнді, бұл қиындықтан аман алып қалған тұлғаларға біз мәңгілік қарыздармыз. Солардың бірі әрі бірегейі болған Жұмабек Тәшеневке де мәңгілік қарыздармыз. Осы аралықта «Жұмабек Тәшенев қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» деп толғанатын Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы,генерал Сағадат Нұрмағанбетов сөзі еріксіз еске түседі.
Реті келгенде тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжановтің тәшеновтану әлеміне қатысты пікіріне де тоқтала кетейік. Ғалым былай дейді: «Ол заманда Мәскеу идеологиясы, партияның өктемдігі жүріп тұрғанда Тәшеневтің ерлігін дөп басып айту қиынға соқты. Тәшеневке оралып, оның ерлігін айтып жатқанымыз Тәуелсіздік алып, санамыздың ашылғанының арқасы. Ұлттық тарихымызға мемлекеттік мүдде биігінен қарай бастағанымызды көрсетеді. Тәшеневті енді танып жатырмыз, Тәшеневтің тарихтағы шын бағасын енді біліп жатырмыз».
Ел бірлігі мен жер тұтастығы үшін күрескен, өмірінің соңына дейін «Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деп тебіренген тау тұлғалы Жұмабек Ахметұлы мәңгілік жадымызда.
Ұлы тұлғаны ұлықтау, оның қайраткерлік істерін кейінгі ұрпаққа насихаттау бізге парыз. Осы мақсатта оқу орнымызда Жұмабек Ахметұлының туғанына 108 жыл толуына орай көптеген танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, «Тұғыры биік тау тұлға» атты тақырыпта өткен әдеби-танымдық кешке Ж. Тәшеневтің немере інісі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Ұлықпан Бәшенев қатысып, есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған ағасының көпшілік біле бермейтін қырлармен бөлісті.
Әдеби-танымдық кеште студенттер жастайынан еңбекке араласып, бар ғұмырын елге қорған болу жолында күресуге арнаған тұлға жайлы жазған ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқыды. Ал, «Тәшенев тағдыры мен тағылымы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде оқытушылар мен студенттер тәшеневтанушылармен кездесіп, қайраткер жайлы тың деректерге қанықты.
Сонымен қатар, университет қабырғасында «Қайраткер Ж. Тәшенев – ұлт тағдырының биігінде тұрған тұлға» атты тақырыпта эссе жазудан байқау, «Ж.Тәшеневтің психологиялық келбеті» тақырыбында ғылыми жобалар сайысы және «Жас ұрпақтың жадындағы Ж. Тәшенев» интеллектуалды ойыны өткізілді. Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 108 жылдығына арналған дизайнерлердің көрме-жәрмеңкесінің де көрсетілімі болғанын айта кету керек.
Бұйыртса, ағымдағы жылдың 19 мамырында аталмыш білім ордасында Тәшенев оқулары-1: «Білім мен ғылымды дамытудың өзекті трендтері мен перспективалық бағыттары» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Онда экономика, педагогика, құқық, сондай-ақ ғылым мен білім берудегі ақпараттық технологияларды қолданудың өзекті мәселелері талқыланатын болады.

Шолпан АРЗЫМБЕТОВА,
Ж.Тәшенев атындағы университеттің ғылыми және зерттеу жұмыстары жөніндегі проректоры, педагогика
ғылымдарының кандидаты, профессор.