«БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ ДӘН РИЗА

190

 

Шымкент қаласында этносаралық келісімді сақтау мен нығайту, этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу бойынша Еңбекші ауданының №105 жалпы орта мектебінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында тұрғындарды қабылдау өтті.

 

Жоба этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу шараларын әзірлеу, негізгі бағыттар бойынша өңірлердің проблемаларын анықтау, нақтылау және оларды шешу мақсатында бастау алған. Түрлі сала мамандары мен құқық қорғау органдарынан жасақталған топтар тұрғындар арасында 7 бағыт — «Этносаралық келісім», «Әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу», «Халықтың денсаулығы», «Халыққа білім беру», «Бизнес ортаны дамыту», «Конфессияаралық келісім», «Заңдылық, тәртіп және қауіпсіздік» тақырыптарында қабылдаулар жүргізді.
Жоба аясында азаматтарды қабылдап, олардың өтініштерін тыңдап, шешу жолдарын тиісті мемлекеттік органдармен бірге қарастыратын болады. Қабылдауға келген 42 азаматтың басым көпшілігі әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жер, жол, инфрақұрылым мәселелері бойынша талап-тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтарға әртүрлі сала мамандары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге берілетін квоталар туралы кеңінен ақпараттар берді.
Жоба аясында келесі қабылдау Абай ауданының Қызылжар шағын ауданында жалғасын табатын болады.

 

ШЫМКЕНТ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ ДӘН РИЗА

Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында алғаш рет жүйке жүйелерін трансплантациялау бойынша күрделі операция жасалды.

Қолының нерв жүйесі зақымдалған қарағандылық науқас қаладағы балалар ауруханасына 26 мамырда жоспарлы түрде жатқызылған. Пациентке алғашқы медициналық көмек пен оңалту ем шаралары жүргізілгенімен, күткендей нәтиже бермеген. Сондықтан мамандар трансплантация жасауға шешім қабылдаған. Отада 14 жастағы науқастың қолындағы зақымдалған жүйке жүйесін орталық жүйке жүйесіне жалғады. Күрделі отаны балалар ауруханасының нейрохирургы Самат Көкшебаев пен №1 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохиургы Айбол Сансызбаев жүргізген. Операция кезінде жүйке жүйелерін байланыстыру үшін микрохирургиялық аппарат қолданылды.
Тәжірибелі дәрігерлердің арқасында ота сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы болғандықтан, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Бірер күнде пациент үйіне шығарылады.