ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

185

Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Алмас Серікбаевтың төрағалығымен аудан тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Интернет желісіндегі алаяқтыққа жол бермеу мақсатындағы акцияға аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов қатысты. Сондай-ақ Түлкібас ауданы әкімдігіне қарасты барлық дербес бөлімдер, аудандық жастар ресурстық орталығының, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі, аудандық психологиялық сүйемелдеу орталығының мамандары қатысты.

Негізгі мақсат — Түлкібас ауданында және шалғай жатқан ауылдарда интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу, алаяқтың құрбаны болмас үшін тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жиын барысында полиция бөлімінің жыл басынан бері алаяқтыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстары бойынша баяндамалар тыңдалды.Арнайы бейнероликтер көрсетілді. Атап өтсек, ағымдағы жылы аудан көлемінде 16 жайт алаяқтық қылмысы тіркеліп, ашылымы 90,9%-ды құраған.

Жиын соңында қатысушылар пікірлерін білдіріп, белсенділік танытты. Полицейлер тұрғындарға алаяқтардың айласын асырып кетпеуі үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес берді.