ДОМБЫРА ҮНІ КҮМБІРЛЕГЕН КҮН

102

Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Осы күннің құрметіне Арбат алаңына жиналған шымкенттік жастар «Домбыра party» ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен тәтті күй сыйлады. 50-ге жуық жас күйші Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалардың күйін шертіп, қазақтың рухын асқақтатар асыл қазынамызды дәріптеді. Игілігі мол бастаманы қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «Мирас» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырып отыр.

–«Аманат» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында домбыра күніне орай, «Домбыра party» іс-шарасын осымен үшінші рет өткізіп жатырмыз. Алғашқы жылы 20 қатысушымен бастаған едік, бүгін мінекей олардың қатары 50-ге жетті. Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрген жастар әлі де қатысуға ниет білдіріп жатыр. Қазір мектеп оқушылары, жоғары оқу орны мен «Саз» колледжінің студенттері және ерікті жастар еркін форматта өнер көрсетуде. Бүгінгі мерекелік іс-шара кешке дейін жалғасады. Қасиетті ұлттық аспабымызды құрметтейтін әр бір жас бүгін осында келіп, өнерін паш етуіне болады, — деді «Жастар рухы» жастар қанатының кеңесшісі Абай Сырлыбаев.

Бүгінгі патиде қаладағы №56 мектептің оқушысы Аружан Мият Күмісбек Кенжеғалиевтің «Өмір жолы» атты күйін тарту етті. Жас күйші 4 жылдан бері мектеп жанындағы домбыра үйірмесіне қатысып, өнер бәйгелерінде топ жарған екен.

–Бұған дейінгі ұйымдастырылған домбыра-патидың барлығына қатысып келдім. Өзім білетін 8 күйдің ішіндегі сүйіп орындайтын «Өмір жолы» күйін орындап шықтым. Осындай домбыра тартатын іс-шараларда өнер көрсеткенді ұнатамын, — дейді жас күйші.

Қаладағы «Саз» колледжінің түлегі Абылайхан Нұрқұл да жыл сайын өтетін домбыра патидің белсенді қатысушысы. Домбырамен 20-дан аса күйді жетік меңгерген ол бүгінгі мерекеде өз өнерімен тыңдармандардың ықыласына бөленді.

–Ұлттық домбыра күнінде қала тұрғындарына Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» мен Құрманғазының «Терісқақпай» күйін орындадым. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ұлттық аспабымыздың қос ішегінен шыққан әр бір күй кез келген қазақтың жүрегінен орын алып, рухын көтерері де сондықтан. Қаламызда осындай ұлттық аспабымызды дәріптейтін іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар, — дейді А.Нұрқұл.