ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЛІГІНЕ РҰҚСАТ ЕТІЛМЕГЕН ҚЫЗЫЛ-КӨК ТҮСТІ ЖАРЫҚ СИГНАЛДАРЫН ОРНАТҚАН ЖҮРГІЗУШІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

342

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында, рейдтік-профилактикалық жұмыстармен қатар әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Осы бағытта жүргізілген кезекті қызмет барысында, «Телеграмм» парақшаларының бірінде «Мерседес-Бенц» маркалы автокөлігіне рұқсат етілмейтін қызыл-көк түсті жарық сигналдарын орнатып, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз трассада емін-еркін жүрген бейнежазба анықталды.

Құқықбұзушыны табу мақсатында тәртіп сақшылары, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде оқиға Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылының тас жолында болғаны айқындалды. Көлік иесі Шымкент қаласының тұрғыны, жас жігіт.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», ӘҚБтК-нің 603-бабы 1-бөлігі «Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды.

Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.