ТҮРКІСТАН: КОЛЛЕДЖ ТАЛАПКЕРЛЕРІ ҮШІН «ДҰРЫС МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІЛІП ЖАТЫР

190
Түркістан облысының орта арнаулы оқу орындарына 2023-2024 оқу жылына бөлінген 15300 грантты игеру бойынша арнайы құрылған мобильді топ өз жұмысын бастады.
Осы орайда, өңірге қарасты аудан, қалалардағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және орта арнаулы оқу орындарымен бірге жұмыс жоспары түзіліп, «Дұрыс мамандық таңдау» атты тақырып аясында кездесулер өткізіліп жатыр.
Тарқата айтсақ, мобильді топ Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс, Шымкент қалаларындағы 9-11 сынып мектеп бітіруші түлектеріне арналған орта арнаулы оқу орындарына бөлінген мемлекеттік білім гранттарын игеру және жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейту мақсатында тиісті сала мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, мобильді топ мүшелері орта арнаулы оқу орындарының басшылығымен қабылдау комиссиясына жауапты мамандармен бірге биылғы жылға бөлінген гранттардың игерілуі жөнінде пікір алмасып, бірге жұмыс атқаруға шақырды.
Қазіргі таңда барлық арнаулы оқу орындары талапкерлердің құжаттарын қабылдауда. Түркістан облысының арнаулы оқу орындарына 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс аясында 15300 орын бөлінген. Республикалық бюджеттен – 14618, жергілікті бюджеттен Облыстық денсаулық басқармасының ұсынысы бойынша медицина саласына – 650, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұсынысымен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қатарынан білікті кадрларды даярлайтын Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжде 31 орын қарастырылған.
Барлық арнаулы оқу орындары талапкерлердің құжаттарын қабылдау 20 тамызға дейін жалғасады. Сонымен қатар, талапкерлердің өтінімдерін қабылдау колледждердің қабылдау комиссияларында және «Электрондық үкіметтің» www.egov. kz вeб-порталы арқылы жүргізіліп жатыр.