ЖАДЫРАҒАН ЖАЗ «SHYMKENT FEST» ЖОБАСЫМЕН ҚЫЗЫҚТЫ

230

Шымкентте екі айға созылған «Shymkent fest» жобасы мәресіне жетті. Абай саябағында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған Шымкент қаласында алғаш рет өткен «Shymkent fest» жобасының жабылу салтанаты өтті.

Шілде айында басталған фестиваль 14 бағытта, 12 мен 35 жас аралығындағы жастар «Хиты всех времен», «Tik-tok vs нағыз бишілер» би батл, Street workout-тан жарыс және мастер-класс, «Shym youth life» скейт және граффити шоу, «NOSTALGIA GAME» балалық шағымның ойындары фестивалі, «Modern» сурет салу байқауы, үстел теннисі, «Brain blitz» интеллектуалды сайысы және «Sky movie» кино көрсетілімінен және ән-биден сайысқа түсті.
«Shymkent fest» жобасы – жаз мезгілінде қала жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, көше спорт түрлерін жастар арасында кеңінен дәріптеу және саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған бірегей жоба.
Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы қатысып, фестивальге атсалысып, белсенділік танытқан жастарға алғысын айтып, қала жастарын халықаралық жастар күнімен құттықтады.

– Фестивальге қала жастары ғана емес, қала қонақтары, туристер де қатысты. Ашық аспан астындағы кинофестивальге кәріс, жапон елдерінен де қонақтар келген болатын. Жастарды саламаттылыққа баулыған сайыстың туриз саласына де қосар үлесі зор. Келешекте тұрақты түрде өткізіп, қаламыздың айшықты жобасына айналдырамыз деген ойымыз бар, – деді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов.
Көше спортын дамытуда өткен сайысқа 50-ден астам жас қатысып, турник, пресс, қол күресі, Street workout-тан сайысқа түскен. Ең жоғары жетістікке жеткен үш жасқа ақшалай сыйлық табысталды. 1-ші орын алып, 50 мың теңгені қанжығасына байлаған Саят Қожамжаров сайыстың қызықты әрі тартысты өткенін айтады.
Сонымен қатар, фестивальге белсене қатысып, жеңіске жеткен жастар марапатталды.