ЕЛІМІЗ БІЗГЕ БАРЫН БЕРДІ, ОҒАН АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМЫЗ

200

Бүгінде мемлекет қарапайым азаматтардың қауіпсіз, жайлы, бақуатты өмір сүруі үшін барынша қолайлы жағдай жасап келеді. Әсіресе, соңғы жылдары қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанының куәсіміз. Мұны мен өзім қызмет атқарып жүрген денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар мен жетістіктерге қарап та айта аламын.

Халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – медициналық қыметтің сапасы мен қолжетімділігі. Міне, осы тұрғыдан алғанда елімізде көп жұмыс істелді деп айта аламын. Шымкент қаласының өзінде жаңа ауруханалар, емханалар ашылып, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Әріптестеріміз шет елдерде білімі мен біліктілігін арттырып келіп жатыр. Соның арқасында науқастар заманауи әдіс-тәсілдермен емделіп, қаншама күрделі оталар өзімізде жасалып жатыр.

Өзім 2014 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін тәмамдап, Шымкенттегі №1 ауруханаға терапевт-дәрігер болып жұмысқа орналастым. 2020 жылдан бері қарай осы ауруханадағы оңалту бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін. Біздің бөлімшеміз 25 төсек орынға арналған. Біз инсульттен кейінгі, жарақаттардан кейінгі және нейрохирургиялық оталардан кейінгі күрделі және ауыр жағдайдағы науқастарды оңалтумен айналысамыз. Қажетті медициналық құрал-жабдықтарымыз бен білікті дәрігерлеріміз жеткілікті. Науқастардың жағдайын оңалтып, аяққа тұрып кетуі үшін қолымыздан келгенше еңбектеніп келе жатырмыз.

Еілімізде медицина мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Мәселен, өзім осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттің жаңадан бой көтеріп келе жатқан Тұран шағын ауданынан мемлекеттік бағдарламаның аясында жеңілдетілген шарттармен баспана алдым. Бүгінде сол жерде жұбайыммен бірге ұл-қыздарымды тәрбиелеп өсіріп отырмыз.

Осының барлығы ел Тәуелсіздігінің, Қаақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтың және мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығының жемісі екенін ойлаған сәтте Жаратқан Иемізге шүкіршілік етеміз. Еліміз біз үшін барын берді, ендігі жерде бар күш-жігерімізді, білім мен біліктілігімізді осы елге қызмет етуге арнау – бідің перзенттік парызымыз.

Қуаныш Мұстафаұлы ЛЕКЕРОВ,

№1 қалалық аурухананың оңалту бөлімінің меңгерушісі

#БізҮшін