Шымкентте кардиология саласын дамыту бойынша халықаралық конференция басталды.

228

Шымкентте кардиология саласын дамыту бойынша халықаралық конференция басталды. Екі күнге жалғасатын шарада шетелден және еліміздің өзге өңірінен келген дәрігерлер жүрек қызметін жақсарту бойынша тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік алуда.

Халықаралық деңгейдегі шараның ашылу салтанатына қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, үшінші мегополистегі кардилогия саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті.

«Бүгінгі күні Шымкент жүрек орталығы мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қала және Түркістан облысы тұрғындарына көрсетеді. Орталық медициналық қызметтердің сапасын жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесін арттыра отырып, стент-графт, ЭКМО, Tavi, LVAD имплантациясы сияқты жаңа технологияларды енгізді. 2019 жылдан бастап 2023 жылдың ағымдағы кезеңіне дейін, 16 жаңа технология енгізіліп, 230-дан астам қызметкер біліктілігін арттырды, 34 мастер-класс және 2 халықаралық конференция өткізілді. Орталықтың осы жетістікке қол жеткізуі тікелей Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, ел тарихындағы алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы арамызда отырған Юрий Владимирович Пяның басшылығымен Астана қаласында жасалып, қазіргі таңда оның саны 90-ға жеткен. Конференцияға қатысушыларға, өткізілетін мастер-класстарға нәтижелі жұмыс тілеймін. Осы конференцияның өтуі Шым қала тұрғындарының денсаулығын көтеретініне сенімдімін»-деді Қ. Асылов

Жалпы конференция барысында теориялық практикамен қатар дәрігерлер жоғары мамандандырылған оталарды жасау бойынша біліктіліктерін арттырады. Шараның басты мақсаты-созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды диагностикалау мен емдеуде қазақстандық және шетелдік кардиология, кардиохирургия мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Конференция қорытындысы бойынша Орталық Азияда созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бағдарламасын дамыту мәселелері бойынша шаралар іске аспақ.

Еске сала кетейік, биыл алғаш рет қаладағы Жүрек орталағында еліміздің бас кардиохирургі Юрий Пяның қатысуымен жүрек алмастыру отасы жасалды. Операция сәтті өтіп, дәрігерлер 61 жастағы тұрғынның жүрегін хирургиялық жолмен алмастырып берді.