БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

149

Сауран ауданы әкімдігінде ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтар болсақ, Сауран ауданындағы қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы М.Қалеке, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылған жұмыстардың барысы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Асылбек, Сауран ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудандық «Сауран Су» мекемесінің басшысы М.Пиримбетовтер баяндама жасады.

Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы М.Қалекенің баяндауынша ішкі саясат бөлімі — мемлекеттілік пен халық бірлігін қамтамасыз етуге, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, аудан тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік оң көзқарасын қалыптастыруға, азаматтық қоғам институттарын қолдау және дамытуға, ауданның ақпараттық ауқымының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, аумақтағы этносаралық және конфессияаралық қатынасты нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыратынын атап өтті. Сонымен қатар, ауданда 10-нан астам этнос өкілдері тұратынын, 1 этномәдени бірлестік, 9 үкіметтік емес ұйым, 3 саяси партиялардың аудандық филиалы мен өкілдері («Amanat» партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл» партиясы) жұмыс атқаратынын жеткізді.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында ауданда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін 12 орын белгіленген екен. Жыл басынан бері Сауран ауданы аумағында тұрғындар тарапынан бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге өтініш түспегенін мәлім етті. Аудан аумағындағы қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін жарияланымдарды анықтау мақсатында бөлім тарапынан күнделікті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Бұдан соң күн тәртібіне сәйкес, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Асылбек баяндап өтті.

Баяндамашының мәлімдеуінше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіндегі «Халықтық алаңында» халықпен тікелей байланыс арқылы бөлімде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетіліп жатқан қызметтерге және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудан әкімінің (инстаграм, фейсбук) парақшаларында сұқбаттар берілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында облыс әкімі аудандарда «Парасат» пікірталас клубын ашып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, «Аmanat» партиясы Сауран аудандық филиалы жанындағы «Парасат» пікірталас клубының отырысы өткен. «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері және де кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицид пен ерте жүктілік мәселелері талқыланғанын жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі таңда бөлімнің 2023 жылға арналған жылдық жұмыс жоспары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шара жоспары бекітіліп, бұл бойынша заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлім етті.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша жұмыстарды жандандыру керектігін баса айтты.

 

«Сауран-ақпарат».