АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

119

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауданның зиялы қауым өкілдерімен және қоғамдық ұйымдардың төрағаларымен кездесіп, ауданды дамыту бағытында өзінің алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарларымен бөлісіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.

Аудан әкімі кездесу барысында аудандағы басты мәселенің бірі ауыз су мәселесін шешу, электр бағаналарының тозығы жетіп, ауыстыруды қажет етіп тұрғанын, оған жаңа трансформаторлар орнату, елді мекендерді газдандыру, Шорнақ елді мекеніне спорт комплексі түсетінін, Бабайқорған елді мекеніне кітапхана салу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Аудандағы барлық қоғамдық ұйым өкілдерін бір жерге топтастыру мақсатында «Ынтымақ үйін» қарастыру, аудан орталығына мәдениет үйін салу, жалпы аудан бойынша 800-ден астам тұрғын жер кезегінде тұрғанын, осы мәселені шешу мақсатында 3 қабатты 8 үйдің құрылысын салуға жер теліміне аукцион берілгенін, елді мекендерді абаттандыру, аудандағы өзекті мәселелердің шешімін табуына күш салатынын мәлім етті.

Кездесуге жиналған қоғамдық ұйым өкілдері де өздерінің ұсыныс-пікірлерінде аудан орталығына аурухана салу, тұрғын үйге учаскелік жер берілсе, орталыққа орта арнаулы оқу орны салынса деген мәселелерін ортаға салды. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымдармен кездесу тұрақты түрде өтіп тұратын болып келісілді.

Жиын соңында қариялар игі тілектерін білдіріп, аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының ауданды көркейту, дамыту жөніндегі жоспарларының жүзеге асуына сәттілік тілесті.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі