ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНА 9 АЙДА 39 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

230

Сайрам ауданына биылғы жылдың 9 айында 38,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 18,3%-ға өсіп отыр. Бұл жайында аудан әкімі Арман Сәбитов брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудан басшысы аймақта жалпы өңірлік өнім көлемінің де едәуір артқандығын жеткізді. Дәлірек айтар болсақ, 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 185 млрд. теңгеге жетіп, өсім 103,3 %-ды құраған.

— Ауданда өнеркәсіп саласында жыл басынан 33,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артып, бүгінде облыс бойынша аудан үшінші орында. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары ауданда жалпы құны 75 млрд. теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда, — деді аудан басшысы.

Алдағы уақытта іске асатын жобалардың қатарында сүт өнімдерін өндіретін «Туран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі бар. Сондай-ақ, «Meat magnat» ЖШС-і 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Samid Master» ЖШС-ң зауыт құрылысы жүреді.

Сонымен қатар аудан басшысының айтуынша, сайрамдық «ART Boilers» ЖШС-і Қытай еліндегі Гуандонь қаласындағы ірі жылыту қазандықтарын өндіретін «SNDWAY NEXHOLOGY CO.,LTD» компаниясынан 17 тонна пар шығаратын қазандықтар алуға және бірлесіп мамандарымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізуге келісім жасаған. Сондай-ақ, «Ет Агро Манкент» ӨК-і мен «Тұран агро Ет-сүт» АШӨК — мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы және қанды өңдеу кәсіпорындары құрылысын жүргізуге «ZHONG BANG HAO TONG» компаниясымен құрал-жабдықтарды сатып алуға ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде сайрамдық кәсіпкер қытайлық компаниямен бірлесіп, 2024 жылы наурыз айынан бастап мал терісін, қаны мен сүйегін қалдықсыз өңдейтін зауыт құрылысын бастамақ.