МАЙДАНТАЛ: БІРЛІГІ БЕКЕМ, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

127

Тоқсан сайынғы әкімдердің халық алдындағы есеп беруі жұмыстарының жүйелілігін көрсетеді. Халық пен билік арасындағы ашықтықты негіздейді. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев кезекті есепті кездесуін Майдантал ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Әкім алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар жобаларды баяндады.

Майдантал ауыл округінде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Ынталы елді мекеніндегі орта мектептің тозығы жеткен. Осыған байланысты 900 орындық мектеп құрылысына сыртқы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Майдантал ауыл округінде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Есептік кездесуде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылды. Егістікке су баратын арықтар әбден тозған. Салдарынан егістікке су тиісті мөлшерде жетпейді. Тұрғындарды алаңдататын басты мәселе осы. Аудан әкімі арық-атыздарды жөндеу жұмыстары біртіндеп қолға алынып жатқандығын жеткізді. Сауран ауданының орталығынан ең шетте орналасқан Қаратау бөктеріндегі Майдантал ауылдық округінің жері негізінен құрғақ, мал өсіруге қолайлы мекен. Алайда, 9 миллион текше метрге дейін су жиналатын «Майдантал» су қоймасының мүмкіндігін барынша үнеммен, кесте бойынша пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып суаратын технологияларды өндіріске енгізсе, ілезде елдің еңсесі көтеріліп қалатын түрі бар. Мамандардың айтуынша, «Майдантал» су қоймасын қайта жаңғыртудан өткізіп, мүмкіндігін барынша пайдаланса 14 миллион текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік ашылады екен. Оған дейін алдымен «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткен күннен бастап тасарықтарды күрделі жөндеуден өткізіп, бағбандар бау-бақшаларға су баратын арықтарды тазалап, жөнге келтірсе, жиырма пайызға дейін суды үнемдеуге болады екен.

Майдантал ауыл округіндегі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде.

Ынталы ауылындағы Жангелдин көшесіне жарық орнатылуда. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары ұдайы жүргізілуде.

-Халқымызда «тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген сөз бар. Әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі жақсы дәстүрге айналды. Бұл – бірінші кезекте атқарушы билік пен халық арасындағы үнқатысуға құрылған шара. Сол себепті, мұндай кездесулерде біз өзіміздің атқарған жұмыстарымызға сіздер арқылы сын көзбен қарап, болашаққа жоспар жасауға мүмкіндік аламыз,-деді аудан басшысы.

Түйіп айтсақ, ауылда атқарылған жұмыстар аз емес. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ауыл тұрғындарының бірлігі мығым болса, келешегі де кемел болатынын сөз еткен тұрғындар кездесуден осындай ой түйіп, тарқасты.