АУЫЛДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КЕЗДЕСУЛЕР
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл округтерінде кездесулерін өткізуде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан халқымен кездесуін Жаңа Иқаннан бастағанын өткен аптада жазған болатынбыз.
Негізінен ауданның барлық ауылдары бір-біріне жақын тығыз орналасқандықтан аудан әкімі қатар жатқан қос ауылдарды қатар қамтуды жоспарлаған болатын.
Соның нәтижесінде аудан әкімі Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Шаға, Үшқайық, Иассы, Оранғай ауыл округ тұрғындарымен кездесулер өткізіп, аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайы туралы баяндап, халықтың арыз-шағымдарына құлақ асып, ұсыныстарын сараптады. Аудан басшысы бірқатар өзекті мәселелер көтерілген есепті жиындарда алдымен өңірде жасалынып жатқан ілкімді істерді баяндады.