Ақнұр Амангелдіқызы: “ӘЛ-ФАРАБИ ОЙШЫЛДЫҢ КЕМЕҢГЕРЛІК ЖОЛЫ…”

386

Әлемге есімі мәшһүр Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылыми мұраларын зерттеп-зерделеу, танымдық-ақпараттық бағытта насихаттау мақсатында іс-шараларды жүзеге асыру қай кезде де болмасын ғылым мен мәдениет саласындағы өзекті мәселе. Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы кітапхананың бастамасымен «Фараби жолы» жобасының мақсаты да осында жатыр. Мәдениет майталмандары, журналистер мен руханият жанашырлары, мәдениет қызметкерлері қатысуымен жүзеге асқан жоба аясында республикалық маңызы бар қала Шымкент қаласы төрінде орналасқан Әл-Фараби атындағы кітапханадан Фараби бабамыз дүниеге келіп, білім алған қасиетті аймақ Отырар ауданындағы «Руханият — Әбу Насыр әл-Фараби музейі — Арыстан баб кесенесі — Отырар төбе қалашығы — Сапар орталығы бағыттары қамтылды.
Ғұламаның түрлі ғылым саласы жайындағы ғылыми еңбектерінің саны бір мәліметтерде 150-ден астам делінсе, түрік фарабитанушысы Ахмет Әтештің зерттеулерінде оларың саны 160-қа жуық деп тұжырымдайды. Ғұламаның ғылыми еңбектерінің әлі де ашылмаған қырлары көп екені айқын. Елімізде фарабитану бағыты тек ХІХ ғасырдың 70 жылдары ғана ғалым Ақжан Машани зерттеулерінен бастау алды.
Әл-Фараби шамамен 871 жылдары Саманилер дәуірінде мәдениет пен білімнің рухани ошағы болған Түркістан аумағында, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Отырар қаласынан 7-8 шақырым жердегі Весиж (Оқсыз) қаласында дүниеге келген. Әлем ойшылы Әл-Фарабидің дүниеге келген, ең алғаш білім алған топырағына барып, рухани кемелдену, ғұламаға қатысты тарихи жәдігерлермен танысып, қыр-сырын түсінуге талпынудың өзі руханият жолындағы игі әрекет, ниет деп білемін.
Ғұламаның әлі де зерттеуді қажетсінер мұраларын ақтару үшін қазақ жастарын шығыс тілдерін меңгеруге ынталандыру, қызықтыру қажеттігі айдан анық.
Фарабидің ғылыми мұрасын насихаттап, түсіндіру жұмыстарында балалардың жасы мен психологиялық ерекшеліктерін ескермесек, Әл-Фарабидің ғылыми тракттаттарына етене ену, оны талдау жас буынға қиынырақ соғады. Жас буынға данышпанның өмірі, ғылыми трактаттарының атаулары мен гуманистік көзқарастары, ойшылдың кемеңгерлігі мен асқан парасат иесі екендігін танытатын аңыз-әңгімелер негізінде оқыту орынды деген ойдамын.