ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР 16 МЕМЛЕКЕТ АРАСЫНДА ҮЗДІК АТАНДЫ

37

Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясы президиумы мен халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсын ұйымдастыру комитетінің «Ғылымға қадам» ХХІ-ХХІІ халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсына 16 мемлекеттен үміткерлер қатысқан. Білім сарапқа салынған халықаралық сайыста Түркістаннан арнайы барған Оқушылар сарайының шәкірттері мен жетекшілері есе жібермей, жүлделі орындардан табылды.

Оқушылар үйінің директоры Икапова Индира Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының «Отандық білімнің алтын қоры» ұлттық бағдарламасы бойынша «Білім берудегі озық жұмысы» үшін алтын төсбелгі және дипломымен марапатталды.

Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков үздіктерді арнайы қабылдап, құттықтады:

— Жеткіншектеріміздің жеңісі — баршамызға зор мақтаныш. Мемлекетімізді әлемге танытатын өнер, спорт және білім салаларында киелі Түркістаннан түлеп ұшқан талай азаматтарымыз бар. Десек те, әр жеңістің арқасында еткен еңбек, төгілген тер жататынын білеміз. Осы ретте Оқушылар үйінің ұстаздар ұжымына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жеңісті күндеріміз көп болсын! – деп, тәлімгер ұстаздарға ізгі ниетін жеткізді. Оқушыларға ақ тілегін арнап, сый-сияпат тапсырды.

«Ғылымға қадам» халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсына ұсынылған «Математика әлеміндегі қазақтың ою-өрнектері», «HTML форматында веб-сайт құру», «CUBESAT спутниктерінің пайдалы жүктемесі», «Қосымша білім берудегі Unisat HUB-ның рөлі», «Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желілердің рөлі», «Қазақ халқының өлшем бірліктері» тақырыбындағы баяндамалар сарапшылардың қорытындысымен үздіктер қатарына қосылған.