«КИЕЛІ МЕКЕН»: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДАҒЫ КЕСЕНЕЛЕР МАҢЫ ТАЗАРТЫЛЫП, КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

100

«Киелі мекен» апталығы аясында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы кесенелердің аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылды. «Сырдария-Түркістан» табиғи паркінің ұйымдастыруымен табиғат жанашырлары жұмыла кірісіп, Боралдай филиалының Бәйдібек ата орманшылығының «Бәйдібек ата» және «Қос ана» кесенелері аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Атқарылған шараға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалив, Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов арнайы қатысып, тазалық жұмыстарының барысын бақылауына алып, кесене аумағына ағаш отырғызды. Онда 100 түп орман және мәдени ағаш көшеті егілді.

Отырғызылған көшеттердің 50-і жай арша, 50-і өрік ағаштары. Сонымен қатар кесене аумағында ретсіз өскен шөптер жұлынып, қураған талдар бұталып, ағаш түптері әктелді. Аталған акцияға 50-ге жуық адам атсалысып, тазалыққа қажетті техникалар жұмылдырылды.

Бүгінгі шарада егілген көшеттер «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің жергілікті тұқымбағында өсірілген. Қазіргі таңда аудан аумағына тұқымбақта өсірілген шырша көшеттері егіліп, аудан сәніне сән қосып тұр.

Алдағы уақытта жоспарға сәйкес «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» бағыттары бойынша өңірлік парктің басқа да аумақтарында науқан өз жалғасын табады.