«ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӨЗБЕК ЖӘНЕ ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРІ БҚО-ҒА 130 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ

37

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына жұмыла көмек көрсетуде.

Осы орайда, бүгін Түркістан облысы ҚХА жанындағы Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген 130 тонна гуманитарлық көмекті Батыс Қазақстан облысына жөнелтті. Бұл орайда, өзбек этномәдени бірлестігі 46 млн. теңгеге, ал түрік этномәдени бірлестігі 12 млн. 300 мың теңгеге көмек жіберді.

Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирисметовтың сөзінше, жүк көліктеріне негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған.

Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаров осындай қиын-қыстау сәтте, бір-бірімізді қолдап, көмек көрсетсек, бұл сынақты біртұтас ел болып еңсеретінімізді жеткізді.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен су басқан өңірлерге 171 тонна гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Бүгінгі күнді қоса алғанда облыстық ҚХА тарапынан жалпы 88 465 000 теңгеге 301 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.