АССАМБЛЕЯ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ ТАСҚЫН СУДАН ЗАРДАП ШЕККЕН ӨҢІРЛЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

110
Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқынына байланысты Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері азаматтық белсенділік танытып, зардап шеккен облыс тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетуде.
Аталған қайырымдылық шарасына Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблаясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен құрылым мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі мен жомарт жандар ұйымшылдықпен атсалысып жатыр.
Ізгі шара шеңберінде зардап шеккендерге азық-түлікпен және қаржылай қолдау көрсетілуде. Мәселен, 30-31 наурыз күндері облыстық штаб арқылы (Түркістан қаласындағы Жастар орталығы ғимаратында) Мақтаарал, Сайрам және Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек жинақталып, 2 жүк көлігі жөнелтілді.
Бұдан бөлек, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшелерінің көмегімен 100 адамға көрпе-төсек және азық-түлік 2 газелге жинақталып, Ақтөбе облысына жеткізілді. Сонымен қатар Сайрам ауданынан 1 жүк көлігіне тиелген азық-түлік пен қажетті заттар Ақтөбе облысына жіберілді.
Сондай-ақ Мақтаарал ауданы әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамиз Махмудов Ақтөбеге гуманитарлық көмек жөнелту мақсатында жеке жүк көлігін ұсынып, Мақтаарал ауданының халқымен бірге көмек қолын созды.
– Біздің күшіміз – бірлікте. Өзара көмек, жәрдем, ынтымақтастық бізді біртұтас халық етеді. Еліміздің бірқатар аймағында болған бұл апатқа бейжай қарамай, үлесімізді қосу — азаматтық парызымыз. Әрине, мемлекет тарапынан да қажетті көмек берілуде. Президент тапсырмасымен, арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бүгін Президентіміз апат болған Батыс Қазақстан облысына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Ешбір тұрғын көмексіз қалмайтынын айтты. «Бірлесе білген ел – бәрін жеңеді» дегендей, бұл апатты да бәріміз бірге еңсеріп, жақын арада барлығы жақсы болады деген сенімдеміз, — деді Рамиз Махмудов.
Жалпы, 2-4 сәуір күндері аралығында облыстық штаб арқылы (Жастар орталығы) Мақтаарал ауданында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың ұйымдастыруымен 1 жүк көлігіне керекті заттар жиналып, бүгін жолға шықты.
Сондай-ақ, бүгін таңғы сағат 10:00-де Сайрам ауданы, Манкент ауылының тұрғындарымен жинақтаған гуманитарлық көмегі бар 1 жүк көлігі, облыстық штаб арқылы (Жастар орталығы) Мақтаарал, Кентау, Арыс қаласынының штабтарында және қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының жинақтаған жалпы көлемі 15 тоннадан астам гуманитарлық көмек Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауылына жолға шықты. Аталған көмек 5 сәуір күні сағат 13:00-де тиісті жерге жеткізілмек.
Таяу уақытта Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен тағы бір 1 жүк көлігіне тиелген азық-түлік, көрпе-төсектер мен қажетті заттарды жеткізу жоспарлануда. Гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Осы орайда, су басқан өңірдің тұрғындары қайырымдылық шарасының басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғыстарын айтып, ризашылығын білдіруде.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі