АТАУЛЫ КҮНДЕР КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛЕДІ
Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы салада атқарылған нақты жұмыстар мен жетістіктер, алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясын өткізді.
Басқарма басшысы Бауыржан Орынтаевтың мәлімдеуінше, 2024 жылы қала аумағында ауқымды 47 ресми, көпшілік, мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың І тоқсанында 10 ресми, мәдени көпшілік іс-шара өткізіліп, 15 730 көрерменді қамтыды. Басқармаға қарасты өнер мекемелерінде 1471 іс-шара өткізіліп, 782 389 келуші тартылған.
Еліміздің бірнеше аймағында орын алған алапат су тасқынына орай Биыл мамыр айына жоспарланған мерекелер мен атаулы күндерге арналған іс-шараларды өткізу мамыр айына жоспарланған мерекелер мен атаулы күндерге арналған іс-шаралар қарапайым форматта өткізіледі. Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне орай мәдениет мекемелерінде көрме, тарихи сағаттар және мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен әскери-патриоттық тақырыптағы өлеңдер челленджі ұйымдастырылса, Жеңіс күнінде «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елемізде атаулы даталарды кең көлемде атап өту жоспарға енгізілген. Атап айтсақ: Жошы ұлысы іргесінің қаланғанына 800 жыл, қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, жазушы Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың және қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын жыл соңына дейін өткізу көзделген.
Атаулы күндерден бөлек, қаладағы мәдениет мекемелерінің мерейтойларын атап өтуге дайындық басталып кетті.
Биыл А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасының 125 жылдығы, Оңтүстік өңіріндегі тұңғыш құрылған театрдың бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 90 жылдығы, көпшілік орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 70 жылдығы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының 55 жылдығы, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Қазына» би ансамблінің 35 жылдығы, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдығы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының 10 жылдығы аталып өтпек.
Басқарма басшысы, сонымен қатар, маусым айында Өзбекстан мемлекеттік архивтерінің Қазақстандағы күндері аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетінін атап өтті.
Гүлназ АСАН