ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ КЕЛЕСТІК ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫН ӨТКІЗДІ
Түркістан облысында тұрғындар өтініші мен тілектері өңір басшысының назарында. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізді. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді мұқият тыңдап, жауаптыларға заң аясында шешімін табуды тапсырды. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары да қатысты.
Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады.
Жамбыл ауылдық округі, Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Тағы бірі денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ жол мәселесін қозғады.
Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал енді бірі Абай ауылындағы мал базардың орнын жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды.
Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысының халықпен кезекті кездесуі мен жеке қабылдауы Сарыағаш ауданында жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі