ЕРІКТІ ЖАСТАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Қазақстан-Түркия достығы» саябағында қаладағы волонтерлік ұйымдардың жетекшілерімен, ерікті жастармен кездесті. Еркін форматта өткен іс-шарада қаладағы волонтерлік қозғалысты дамытудағы бірқатар мәселелер талқыға түсіп, ерікті жастардың ұсыныстары мен бірқатар мәселелерін тыңдады.
Шымкент қаласында бүгінде 10-нан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Барлық ұйымда дарынды жастар шоғыры қалыптасып, олар түрлі бағытта қоғам өміріне белсене араласуда. Батыс және Солтүстік өңірлердегі жағдайға қаланың ерікті жастары көмек қолын созды.
Қала әкімінің орынбасары осындай қиын сәтте ұйымшылдық көрсеткен ерікті жастарға алғысын айтып, осы бағытта жұмыстарды жалғастыра беру қажет екенін айтты.
– Қазіргі таңда шаһарда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Су тасқыны болған өңірлерге жәрдем бергендеріңізге, азаматтық танытқандарыңызға алғысымды білдіремін. Елдің дамуы үшін осылай еңбек ете беріңіздер. Су басқан аймақтарға әлі де көмек керек. Бұл орайда ерікті жастардың көмегі жалғасын табуы тиіс. Өздеріңіздей азаматтық ұстанымы белсенді жастар барда еліміз одан әрі дами түспек. Ерікті жастардан әрдайым нақты ұсыныстар, тың жобалар күтеміз. Қала әкімдігі тарапынан көмек керек болса, біз әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді Сәрсен Абайұлы.
Кездесуде қаладағы ерікті жастардың киім үлгісін жасау мәселесі талқыға түсті. Қала әкімінің орынбасары ерікті жастарға арналған қызыл-жасыл түсті киім үлгісін ұсынып, жастардың ойын тыңдады. Бұл түстер қаланың жасыл және қызғалдақты шаһар екенін айқындайды. Ерікті жастардың басым көпшілігі аталған киім үлгісін қолдайтындарын білдіріп, барша еріктілер үшін киім үлгісі бірыңғай болса деген ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, жиында Солтүстік және Батыс өңірлерге көмек көрсетуді жалғастыру, жастарды тәрбиелеу, мәдениетін көтеру бағытында мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Ерікті азаматтар көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, жастар тәрбиесі бағытында бірқатар ойларын айтты.
«Шымкент келбеті»