АДАМТАНУ НЕГІЗІ – «АБАЙТАНУ»

71

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың  елден бөлек.

Хакім Абай.

 

Уақыт – жүрдек пойыз секілді, күн артынан күн, түн артынан түн сырғып өтіп барады. Тәуелсіздігіміздің отыз екі жылдығының алдындағы және кейінгі кездегі қоғамның даму үрдісіне қарап отырып, салыстырмалы түрде талдау жасағым келеді. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз?..

Отыз жылда елде анау айтқан жақсы өзгеріс болған жоқ. Керісінше, сорадай қаптаған жемқорлық жайлады елді. Халық екіге жарылып кетті. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Қазіргі жас қоғам – зомбиленген аш қоғам. Сана тәуелсіздігі алақандай аппаратқа байланған. Бір ауыз сөзге тоқтаған халықтың ұрпағы, әсіресе, жас балалар әдеби қалыпта сөйлей алмайды. Ойдан туатын өнеге, тоқтам сөз жоқ. Біз ашық мәңгүрттенуге апарар жолда тұрмыз қазір. Көпшілігінің ойы тек қарын тойдыру. Мейірім, шапағат азайды. «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді». Абайдың осы сегізінші қара сөзін оқыған сайын көз алдыма осы қазіргі біздің қоғам елестейді.  Не істемек керек?

Адам баласының түпкілікті мақсаты: артына ұрпақ қалдыру, оған сапалы білім, саналы тәрбие беру, келешегіне жол ашу болса, осы қоғамдық ойдың жетекші күші – ұлттық дәстүрді жоғалтпау, салт-санамызды қадірлеу деген мәселелер алдыңғы шепке шығуы керек.

«Адам болам десеңіз бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» дейді Хакім Абай. Бұл дегеніңіз, Тәңірі берген екі сезім (ақыл, қайрат), өсе келе қалыптасатын, адам баласына жолбасшы болатын, оның дүниетанымын қалыптастыратын (жүрек) осы үш сезім арқылы адамдықтың өлшемін көрсетер қалып-танымы. Яки адам баласының бойында болатын рухани дүниетанымды қалыптастыруға негізделген ішкі бес сезім, материалдық дүниетанымды қалыптастыратын сыртқы бес сезімнің үйлесім табуы. Бұл қасиетті сезімдер бір-бірінен алшақ кетпей, бірін-бірі толықтырып, бір-бірінен ажырамай, ғылымда һәм өмірлік жолда болсын пропорционалды бағытты ұстап тұрғанда ғана адам баласы «толық адам» ғылымының есігінен сығалай алады.

«Толық адам» ілімі аяғы аспаннан салбырап түсе салған жоқ. Ғасырлар бойында сан түрлі геосаясаттың, билік жүйесінің алмасуын басынан өткізді. Алдымен қалыптасып, дамуы түркі дүниясында болған. Б.з.д., ежелгі түркілерді билеген Алып Ер Тоңа (Афрасияб) патша тұсында теңдік, әділдікке негізделген алып Тұран империясы өмір сүріп жатты. Міне, сол кезде белгілі кәсіппен шұғылданатын бизнес өкілдері сахна төріне шықты. Әрбір кәсіп иесі жыл бойында тапқан малын, дүние-мүлкін ел билеуші ақсақалдардың алдына алып келетін. Олар кәсіп иесінің отбасы мүшелерінің санын алып, жыл бойындағы кіріс-шығыстарын есептеп, қалған дүние-мүліктерін кедей-кепшік, міскіндерге теңдей етіп таратып беретін болған. Бұл заты биік азаматтарды «аһилер» деп атаған.

Осындай дерек Пайғамбарымыздың атақты бір хадисінде бар екен. Онда жұмаққа тіке баратын үш адам бар дейді. Олар: шаһит, ғалым, жомарт (аһи). Бір күні үшеуі жәннатқа келіпті. Есік алдында тоқтап, бірінші шаһитке жол беріпті. Сөйтсе шаһит «мен ілім алмасам бұл жолға түспес едім. Сондықтан жол Сіздікі» деп ғалымға жол береді. Ал, ғалым болса «егер мына жомарт болмаса, мен ілімді қайдан алар едім. Сондықтан жол жомарттікі» деп алдымен жомарт, артынан ғалым мен шаһит кірген екен. Бұл дәстүр үнемі жалғасып отырған.  Тіпті, арабтандыру, парсыландыру кезінде де бұл үрдіс жойылмаған. Ол кезде Тұран империясының басты қарсыласы Иран империясы еді. Атағы аспандап тұрған Алып Ер Тоңаның көзін жою парсылардың ең негізгі мақсатына айналады. Ақыры жолы табылады. Б.з.д., 626 жылы парсылар Тұран патшасын алдап, қонаққа шақырып, у беріп өлтірген. Бұл жағдай Тұран даласын күңірентіп жібереді. Дала да, тау да, кемпір мен шал да, тіпті балаға дейін жоқтау айтады. Бізге бұл жоқтаудың 200-дей жолы ғана жетті. Бұл оқиғалармен жете таныс, парсылықтарды аспандата суреттеген Ә.Фирдоусидің «Шахнамесі» осы идеологияға байланысты туған. Бұған қарсы  көлемі Фирдоусидің туындысынан екі мың жол артық, ХVІ ғасырда жасаған Мұхаммед ибн Мұхаммед Шымыр-би Алты Бармақтың «Шахнамесі» дүниеге келген. Алты Бармақ Дулаттың Шымыр аталығынан тараған, заманында Әлішер Науаидің досы болған  атақты ғұлама, шайыр. Бұл тақырып кеңес дәуіріне дейін жалғасқан. Атап айтқанда, оңтүстіктен шыққан атақты шайырлар Шәдінің «Шахнамесі», Нұралының «Қисса-и-Фридун» дастандары болғандығы туралы деректер бар. Бірақ, біздің қолымыздағы бар дерек бір-екі бет мәлімет қана.

Айтылуы қарапайым, орындалуында қарама-қайшылық көп кездесетін бұл таным б.з.д., дәуірлерде туып, кейінгі орта ғасырларда дамытылды, қалыптасу үрдісінен өтті. Әл-Фараби жүйелеген (парасат ілімі), Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» (жауанмәртлік), Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабында» (Хәл ілімі), Абай шығармаларының негізіне айналды (толық адам). Бұл тақырып Абай дәуірінде түйінделіп, бекітілді. Абай өз шығармаларында мен «толық адам» ілімін жасадым демеген. Мұны кеңес тұсында басына «қара бұлт» үйірілген М.Әуезов те ашық айта алмады. Тек «нравственная личность» деген тезистік оймен ғана шектелді. Бұл түбірлі ойды профессор ағамыз Мекемтас Мырзахметұлы ғана ғылыми негізде дәлелдеп, «Толық адам» монографиясын айналымға енгізді. Өйткені, қазақ рухының оянып кетуінен қорыққан сырт күштер бұл концепцияның бүкіл қоғамда күш алуын қаламады. Оған біздің өткен тарихымыз куә. Қазақ қоғамының оянуын алдымен сыртқы күштер қабылдамады, қабылдатқысы да, түсінгісі де, орындалуына жол ашқысы да келмеді. Мұның астарында үш жүз жылдық патшалы Ресейдің өктемдікке негізделген отарлау идеологиясы жатты. Кейінгі кеңес дәуірінде бұл түсініктер «жауырды жаба тоқу» әдісімен жалғастырылды. Тәуелсіздігіміздің отыз жылында да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінген жоқ. Есесіне, жемқорлық арамшөптей қаулады. Алла берген екі сипат (ақыл, қайрат) жүрексіз тамырланды. Енді ғана ұлттық дәстүрімізге қайта оралар күн туған секілді. Неге біз бұл мәселелердің астын сыза айтып отырмыз? Себебі, ұлттық сана оянғанда ғана ұрпақтың тарихи санасы қалыптасады. Тарихи сана ұлттық сананың негізі. Осыдан кейін ғана тарихи жад қалыптасады. Бұл – аксиома.

Кез келген жаңалық атаулы Абайдың «толық адам» іліміне негізделсе, онда сол ортада биік жетістіктерге қол жеткізілмек. Техникалық салада болсын, гуманитарлық салада болсын, бір жаңалық ашылып жатса, авторларының бойында әлгі үш қасиет (ақыл, қайрат, жүрек) қатар көрініп жатса, қандай керемет! Бұл ой естеріңізде болса, президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың аузынан екі рет айтылды. Үшінші рет Рим папасы Астанаға келгенде айтты. Қоғам дәл қазір осы идеяға келе жатыр. Өйткені, Хакім Абайдың «толық адам» идеясы мемлекеттік идеологияға негіз болады.

 

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады иманигүл,

Иманның асылы үш деп сен

тәхқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың

түгіл, – дегенде ойшыл ақын әлемдік масштабтағы мәселелерді көтерген. Осы ойды әріден түсінген  біздің басшыларымыз «Абайтану» орталығынан бөлек, «Мұхтартану» ғылыми орталығын да ашып, үлкен сілкініс жасап отыр. Бұл түсінген жанға үлкен жол. Өйткені, жан дүниесі үш сезіммен суарылып қалыптасқан жан кез келген жаңалықты ашуға дайын тұрады. Ары таза, рухы биік, өресі алғыр, тазалықты тәу еткен жастарымыз рухани тұрғыдан берік қалыптаспақ.

Алланың сегіз сипатының алғашқысы «һаят» (өмір) болса, екіншісі «ғылым». Бұл мәселе «Құран Кәрімде» де, Пайғамбарымыздың хадисінде де бекітіліп көрсетілген. Осы екі сипат адамзат өркениетінің түптамыры.

Абай «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде: «Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек, тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық, бұл қайраттан шығады, білсең керек. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, жол да жоқ жарыместі жақсы демек. Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» дейді. Және осы ойын «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп бекітіп те қояды. «Болашаққа қадам жасаудың кілті қайда? Жолы қайсы?» деген сұрақтарға да «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді Хакім. Осы жол өмірлік ұстанымымызға айналып жатса,

қанеки!

 

Саттар ӨМІРЗАҚ,

Халықаралық «Тұран» академиясының академигі,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Абайтану» ғылыми

орталығының басшысы, филология ғылымдарының

кандидаты, доцент.