САРЫАҒАШТА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ БАР

60
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында ерте мүгедектіктің алдын алу мақсатында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған. Түркістан облысы бойынша балаларға 4 облыстық реабилитациялық орталық, 2-і «Қамқорлық» оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 10 576 бала мүгедектік есепте тұр. Олардың 6 мыңға жуығы жүйке ауруларымен тіркелген.  Сарыағаш ауданында осы оңалту орталығының ашылуы Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт және Келес аудандарының 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаларын оңалту шараларымен қамтиды. Оңалту орталығының ашылуы – маңызды қадам, ол мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып жетілуін қалыптастырады.
Өңірде «Қамқорлық» бастамасы бойынша 2-кезеңдегі «Ерте араласу оңалту» орталығы 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Оңалтуға 2 айдан бастап – 4 жас 11 ай 30 күн дейінгі балалар қабылданады. Биыл Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Сарыағаш орталық аудандық ауруханасы» МКМ базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу жоспарланды. Облыс әкімдігі тарапынан орталыққа ғимарат бөліп, бірыңғай тұжырымдамаға сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жобаның серіктестері – «Қазақстан халқына» ҚҚ және «Samruk-Kazyna Trust» ҚҚ жалпы құны 124,6 млн. теңгеге жабдықты, жиһазды және тұрмыстық техниканы тарту етті.
Ерте араласу орталығы аудандық аурухананың базасында орналасқан. Жыл сайын нейро-ортопедиялық ауруы және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдайды. Балалар мұнда тегін оңалту көмегін алады. Сонымен қатар диагностикалық аудиологиялық тексеруден өтіп, миды да тексерте алады. Мұнда әр бала 21 күн оңалтудан өтеді. Олар невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, емдік дене шынықтыру дәрігері, сонымен қатар логопед пен дефектологтың қарауында болады. Емдік жаттығу залы мен механотерапияға алынған құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылды.
Атап айтсақ, иппотерапия арналған S-rider Sky тренажер, нейро-ортопедиялық пневмокостюм «Атлант», «Мультистенедер Дженкс» тренажеры, жүруге арналған тренажер, аяқ-қолға арналған тренажеры, позициялық жүйе, Монтесори тренажерының дамытатын жиынтығы, жүруге арналған платформа, ойнату терапиясына арналған жиынтығы бар.
Орталықтың мақсаты – нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. 5 жасқа дейінгі балаларға ерте оңалту жұмыстары басталды. Жылдық жоспар бойынша тәулік бойы 340 науқас, күндізгі стационар бойынша 1420 науқас қабылдауға дайын. Жалпы жылына 1760 мүмкіндігі шектеулі балаға медициналық қызмет көрсету жоспарланып отыр.