Масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек
Түркістан облысының тұрғындарының назарына қоғамдағы масылдықты төмендету бойынша ақпараттарды ұсынамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын. Расында да еңбек етем деушілерге елімізде сан алуан мүмкіндік бар. Тәуелсіздік алғаннан бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші артып келеді. Шағын және орта кәсіптік субъектілер көбейіп, көпқабатты үйлер, ойын алаңдары салынып, инфрақұрылым нығайды.
Қазіргі таңда ауылдағы жастарға, еңбек етуге талпынған жанға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асуда. Сондай-ақ, ақылы қоғамдық негіздегі жұмыстар да екі қолға бір күрек іздеген жандарға таптырмас мүмкіндік. Ең бастысы жалқаулықты ысырып, еңбек етуге құлшыныс болса болғаны. Майқы би «Анадан – асыл туады, жалқаудан – масыл туады» деп бекер айтпаса керек.Жалпы масылдық сана сан ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені белгілі. Сол масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Масылдықты психолог мамандар адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп жатады. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді. Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір мотивация – адал еңбек. Данышпан Абай атамыз да «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жоқ па?Қазақ тәуелсіздігін алып, ел болып еңсе тіктегелі әлеуетімізді арттыру үшін еңбек етіп келеді. Сандық жүйеге негізделген технологиясы жетік дамыған отыз елмен терезе теңестіруді мақсат тұтсақ, оның да ең алғашқы баспалдағы сол еңбек. Бұл – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін талассыз шындық! Әлімсақтан солай. Қазіргі кезде бұл сөздің бәсі артқанмен, қадір-қасиетін арзандатып алған тәріздіміз. Бабаларымыз еңбектің маңдайақы, ащы термен келетінін, бейнетсіз табыс құралмайтынын біліп, кейінгі ұрпаққа «еңбекпен ел көгеретінін» аманаттап кеткен. Адамның тек еңбекпен көркейетінін айтудан хакім Абай да жалықпаған. «Терін сатпай, телміріп көзін сатқандарды» шенеп, «сабырсыз, арсыз, еріншектіктен» абай болуға шақырды. Ақынның «Орынды іске жүріп, ой таппаған, Не болмаса жұмыс қып, мал таппаған. Қасиетті болмайды ондай жігіт, Әншейін құр бекерге бұлғақтаған» деуі бүгінгі күннің «еріншек, бекер мал шашпақ» жандарына қарата айтылғандай көрінеді кейде.