Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетудің бірден-бір жолы, бұл – еңбек, еңбек және тағы да еңбек

57

Мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да осы сөз ұлықтала беруі керек. Жұмыссыз жүрген жандарға дайын балықты беріп қоймай, оны аулауға қажет қармақты қолға ұстатқан дұрыс. Осы ретте түркістандық оқырмандарымызға патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету туралы ақпараттарды ұсынамыз. Бұл күні қоғамды алаңдатып отырған ең нәзік тақырыптың бірі – патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту. Кез келген мемлекетті алға сүйрейтін, көркейтетін – білімді, білікті, еңбекқор мамандар. Ал жалқаулар мен масылдарға қоғамды алға сүйреу, елдің дамуына үлес қосу деген ұғымдар жат екені анық.

«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»,– деп абыз Абай атамыз толғаса, Ахмет Яссауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген екен. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі де аса қауіпті. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға қосылу, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну сынды әрекеттер не істерін білмей, бос сандалып жүретіндердің арасында жиі кездеседі екен. Ең өкініштісі, күн өткен сайын бұл қатарды толықтырушылар саны көбейіп келеді. Аталған жайттың Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмауы көп жайтты аңғартса керек. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып өтті.

– Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.