МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

45

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қаладағы бірқатар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Мәслихат төрағасы алдымен Қайтпас-1 шағын ауданындағы №58 жалпы орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығын зерделеп, бірқатар ескертпелерін айтты.

Мұнда 1670 бала білім алады. Жаңа оқу жылына 120 бала бірінші сыныпқа қабылданған. Мектеп директоры болып жаңадан тағайындалған Алтынай Айтбаева мектептің ескі оқу корпусы жаңғыртуды қажет ететінін айтады.
Мәслихат төрағасы сынып кабинеттері, спорт зал, ескі оқу корпусының жағдайын аралап көрді. Кабинеттерде желдету, жарықтандыру жүйесін реттеу қажет екенін айтты.
«Бұл ағаштардың солқылдап тұрғаны бір бөлек. Астынан ылғал келеді ғой. Құрылысшыларды шақырып, сараптама жасау керек. Болмайды бұл. Балаларға зиян. Қанша ата-ана сіздерге сеніп, баласын мектепке жіберіп отыр», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Бұдан бөлек мектеп әлі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат қағазын да алмапты. Сондықтан халық қалаулылары бала қауіпсіздігіне баса назар аударды.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсат құжаты жоқ, төтенше жағдай, өрт сөндірушілердіңкі де жоқ. Балаларды қалай кіргізесіздер? Кемшілікті білесіздер. Жамап қойып қою емес әңгіме. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Балаларды кіруге болмайтын кабинетке кіргізбей-ақ қойыңыздар. Ол сыныпта отыру мүмкін емес», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Б.Нарымбетов мектеп басшылығына дайындыққа жауапкершілікпен қарауды, анықталған кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды.
Сондай-ақ, қазіргі таңда №80 мектеп-лицейдің бір блогында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілдері құрылысты 25 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 50-ден астам құрылысшы қарқынды жұмыс істеуде. Б.Нарымбетов мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды міндеттеді.
Ал №80 мектептің негізгі ғимаратындағы тексеріс жұмысын арнайы топ дабыл жүйесінен бастады. Тетікті басқанмен қауіпсіздікке жауапты компания өкілдері араға 10 минут салып келді. Олар мұның себебін қаладағы кептеліспен және арнайы тұрақтың жоқтығымен байланыстырады.
Мәслихат төрағасы қауіпсіздік жүйелері, спорт зал, сынып кабинеттерінің жағдайымен танысып, дабыл жүйесінің дайындығын пысықтады.
Айта кетейік, бұл мектеп 3000 оқушыға шақталған. Алайда, жақын маңда тұрғындардың көптігінен биыл 4 мыңға жуық бала сабақ оқуға мәжбүр. Білім ошағының директоры ол үшін айыппұл төлеп жатқанын айтады. Соған қарамастан, жүктемемен бала қабылдап жатырмыз дейді.
Қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, Шымкентте үш ауысымды мектеп жоқ. Бірақ, кейбір мектептерде жүктеме жоғары. Сондықтан мәселенің шешімін жаңа оқу жылы басталғанша табу үшін мәслихат төрағасы мен депутаттар қайта тексеруге келетінін жеткізді.

«Шымкент келбеті»