ШЫМКЕНТТЕГІ ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ

54

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек» деген болатын.

Президенттің алдымызға қойған осынау асқақ мақсатын орындау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішіндегі ең маңызды бағыттың бірі – өнеркәсіп кәсіпорындарын көптеп ашу, жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалардың өндірістік қуатын арттыру арқылы отандық экономиканың нақты секторын дамыту екені баршаға аян.
Осы орайда, Шымкентте кернеуі 110, 220, 500 кВ, ал қуаты 500 МВА-ға дейінгі трансформатор жабдықтарын шығаратын зауыт 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтып өткен жөн. Бұл кәсіпорын «Asia Trafo» ЖШС деп аталады. Ол сондай-ақ «Alageum Electric» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші компания құрамына кіретін өндіріс ошағының бірі ретінде танымал.
«Asia Trafo» зауытының құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, 2019 жылы пайдалануға берілді. Сол жылдан бастап кәсіпорын өнім шығаруға кірісті. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан зауыт аумағы 12 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда өндіріс орнында 250 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 428 мың теңге. Мұнда күрделі технолгиялық өнім шығарылатындықтан жұмысшылардың біліктілігіне қатты көңіл бөлінеді. Сондықтан оларды оқыту, шеберліктерін шыңдау үздіксіз жүріп отырады.
Кәсіпорын жасайтын өнім түрлеріне келсек, мұнда автотрансформаторлар, күштік май трансформаторлары, қуаты 500 МВА, кернеуі 110, 220, 500 кВ ректорлар шығарылады. Өндірістік қуаты жылына 12 000 МВА-дан асады немесе 120 трансформаторды құрайды. Бүгінгі таңда жылдық қуаттылығы 70 трансформаторға жетіп отыр. Компания өнімдері Астана, Шымкент қаласы мен Түркістан, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Қарағанды, Атырау өңірлеріндегі қосалқы станцияларға орнатылған. Сонымен бірге өнімнің 16 пайыз үлесі сыртқы елдерге экспортталады. Экспорт үлесін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Соның аясында ТМД елдері нарығына кернеуі 110 кВ және одан да жоғары трансформатор жабдықтарын жөнелтуді арттыра бермек. Кәсіпорын жыл сайын жаңа өнім түрлерін игеруді алдына мақсат қойған. Сол үшін былтыр қуаты 250 000 кВА, кернеуі 500 кВ үш фазалы орындаудағы автотрансформатор жасап шығарды. Бұл әлбетте зауыт тарихындағы ең ірі өндірістік жетістік. Тіпті мұны тұтас еліміздің жетістігіне баласақ болады. Иә мұндай ірі көлемдегі күрделі технологиялық электр жабдығын жасау Қазақстанда жалғыз осы зауыттың қолынан келіп отыр. Жоғарыда аталған автотрансформатор ұзындығы 13 метрден, ал биіктігі 10 метрден асады, салмағы 300 тоннаға жуық. Ал енді оның көлемін көз алдыларыңызға елестете беріңіз. Сол үшін ол Қазақстандағы ең ірі автотрасформатор болып табылады.
«Asia Trafo» өнімдері сапа менеджменті, қауіпсіздік, еңбекті қорғау, экологиялық менеджмент бойынша түрлі халықаралық сертификаттармен расталған.
Зауытта ең соңғы үлгідегі жабдықтар мен станоктар орнатылған. Олар еңбек өнімділігін арттырып, жұмыстың көп бөлігін автоматтандыруға, өнім сапасын жақсартуға көп үлесін қосып отыр. Тіпті өндірістік басқаруда әлемдегі брендтік өнімдер шығаратын алпауыт компаниялардың озық тәжірибелері қолданылады. Экологиялық азалықты сақтау мақсатында кәсіпорын аумағында 1500-ден астам жеміс ағаштары отырғызылған. Сондай-ақ білікті кадрларды даярлау мен дуалды оқыту жүйесін күшейту бағытында еліміздің жетекші технологиялық жоғары оқу орындарымен арнайы келісімдер жасалған. Мәселен өткен жылы зауыт базасында ашылған Сәтпаев университетінің «Энергетика» кафедрасы соның бір айғағы.
Кәсіпорын 2019 жылы Шымкентте өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесінде «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясының жеңімпазы атанған. Дәл осы номинацияны компания былтырғы байқауда да жеңіп алған.
Жалпы кәсіпорынның жобалық құны 32 млрд теңгеге тең. Оның 17.4 млрд теңгесі компанияның жеке қаражаты. Қалған инвестициялық қаржыны компания банктен несиеге алған. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқаны үшін және ииновациялық өнім шығаратындықтан кәсіпорынға мемлекет тарапынан бірталай жеңілдіктер қарастырылған. Айталық технологиялық жабдықты әкелгені үшін баж салығынан, сондай-ақ ставка бойынша жер, мүлік, корпоративтік табыс салықтарынан босатылған.
«Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасы Омар Асановтың айтуынша кәсіпорын трансформатордың барлық бөлшектерін өзі жасап шығарады. Сондықтан оның өнімдерін жүз пайыз отандық өнім деуге толық негіз бар. Көптеген елде тіпті Еуропа мемлекеттерінің өзінде, қасымыздағы көрші Ресейде де трансфоматорды толық бір зауыт өндірмейді. Әр бөлшегін әр зауыт жасайды. Ал, «Asia Trafo» трансформаторға қажетті бүкіл маңызды бөлшектерін бір өзі жасап, оны сынақтан өткізіп, сапалы құрастырып шығарады. Трансформатор жабдығы өзінің төл өнімі болғандықтан оның сапасына да күмән келтірмейді. Сондықтан 5 жылға кепілдік мерзіммен береді. Кәсіпорын сондай-ақ бұзылған шетелдік трансформаторларға отандық компаниялардың өтінішімен жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
«Шымкент қаласын 30-40 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Бозарық» қосалқы станциясында өрт шығып, «Сименс» компаниясының трансформаторлары жарамсыз күйге түскен. Соны жөндедік. Осы күнге дейін Италия, Украина, Қытай трансформаторларының қаншамасын жөндеп тастадық. Негізінде жабдықты жасаған ел қалпына келтіру керек. Бірақ ол жаққа жіберіп, жөндетуге қаншама уақыт пен қаражат кетеді. Екі ортада әуре боп жүргенде қондырғының кепілдеме мерзімі де бітіп қалуы мүмкін. Сондықтан қалтасын ойлаған жергілікті компания, мекемелер трансформаторларын бізге әкеп жөндетеді. Трансформатордың ең керекті бөлшегінің бірі электр техникалық болат материалы. Оны табақша күйінде сатып әкеліп, арнайы пішінде кесіп қабаттастырып жинаймыз. Ирелеңдеген мыс шикізатынан жұқа сым иіріп, сосын оны ораймыз. Одан қалса қағаз-картоннан электр жабдықтарын изоляциялап, сыртын қаптаймыз. Қондырғының темір қаңқасы да цехтарда электрмен дәнекерленіп құрастырылады. Кейін жеке-жеке бөлшектердің басын құрап, жинап, арнайы бөлмеде сынақтан өткіземіз. Бұл өндірістік тізбек аса дәлдік пен ауқымды еңбек күшін талап етеді. Сол себепті мамандар біліктілігі мен станоктардың заманауи үлгісіне баса көңіл бөлеміз. Алдағы міндетіміз өндіріс қуаттылығын арттырып, экспорттық әлеуетімізді күшейту. Осыған бар күш-жігерімізді салатын боламыз»,-деді серіктестіктің басқарма төрағасы О.Асанов.
Айтқандай, кәсіпорында еңбеккердің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға барынша қолайлы жағдай қарастырылған. Мәселен, жаңадан отау құрған жас жұбайларға 1 млн теңге, әрбір туылған балаға 400 мың теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ, өз еркімен шетелге біліктілігін арттыруға барған жұмысшының оқу ақысы мен жүріп-тұру шығындарын компания толық өзі өтейді. Бұдан бөлек отбасылы жас мамандарға зауыт жанынан уақытша тұруға тегін жатақхана беріледі.

«Шымкент келбеті»