ЕҰУ ректоры Е.СЫДЫҚОВ: Археологиялық туризмді дамыту – тарихи сананы қалыптастырудың басты бағыттарының бірі

166

Биылғы жазда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологтар тобы Ақмола облысының Ерейментау ауданында далалық барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ғалымдар  қазба жұмыстары Ақмырза орнында жүргізілетінін және бұл жерде қола дәуірінен соңғы орта ғасырға дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдердің бірегей ескерткіштері болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Мұнда сақтар мен түріктердің қорымдары бар және бұл ерте темір дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейін адамдардың өмір сүргенін растайды.

Бүгін осы жерде, ашық аспан астында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен түріктің «Pegas Kazakhstan (Pegas Kazakhstan)» туроператоры, Бас директоры Аныл Аксема  мырза өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

«Біздің университетте археология кафедрасы мен туризм кафедрасы жақсы дамып келе жатыр. Осы екеуінің басын қосу мақсатында біз туризм кафедрасы және археология кафедрасымен бірлескен жобаны қолға алып, іске асырудамыз. Жобаның ерекшелігі оған түріктің танымал «Pegas Kazakhstan (Pegas Kazakhstan)» туроператоры демеуші болып отыр. Қазір солардың қолдауымен қазба жұмыстары жүргізілуде.

Басты мақсат – археологиялық туризмді дамыту. Тас дәуірі, қола дәуірі, түркі дәуірі болсын, қазба жұмыстарында табылған ескерткіштің бәрі тарихи игілікке, сананы қалыптасыруға өзінің үлесін қосу керек. Туризм арқылы біз жеріміздегі құндылықтарды әлемге паш етеміз»,

деп атап өтті ректор.

Өз кезегінде сөз алған PEGAS компаниясының директоры Аныл Аксема отыз жылдан астам осы салада халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанын және бұл қазба жұмыстары түркі халықтарына ортақ екенін жеткізді.

«Біз осындай маңызды жобаға қолдау көрсету ұсынысын қуана қабылдадық. Қазақстандықтарды шетелге жіберуді ғана емес, туристерді осы өлкеге тарту мақсатында да жұмыс істеудеміз. Археологиялық қазба жұмыстарын өз көзімізбен көру үшін Ерейментауға келдік. Қазба жұмыстарының нәтижесіне қарай ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз деп үміттенемін»,

деп атап өтті компания директоры.

Экспедиция жетекшісі, этнограф-ғалым Ұлан Үмітқалиевтың айтуынша, ескерткіш Ақмырза ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 1,4 шақырым жерде Ақмырза өзенінің оң жақ жағалауында шағын төбеде орналасқан. Жерлеулер орташа өлшемдегі тастармен жабылған. Жерлеулер шығыс-батыс тізбегі бойынша орналасқан.

«Еуразия ұлттық университетінің арнайы ғылыми-зерттеу жобалары бойынша Ақмола облысы, Ерейментау ауданында алдымен барлау жұмыстары жүргізілді. Барлау жұмыстары кезінде Қосбатыр, Құмай, Қарағайлы, Қаражар және Ақмырза ескерткіштері анықталды. Қазірдің өзінде табылған құмыра қыштары мен балбал тастар сол кезеңді дәледейді.Зерттеу жұмыстары ары қарай жалғасын табады»,

дейді экспедиция жетекшісі Ұлан Үмітқалиев.

Еске сала кетейік, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Туризм кафедрасының бастамасымен қолға алынған бұл жобаның ғылыми жетекшісі профессор Ляйля Муталиева.

«Даланың табиғи ландшафтындағы ескерткіштерді кешенді зерттеу бойынша жұмыстарды жүргізу мәдени мұраны ашық аспан астындағы мұражай, студенттерге, мамандарға арналған зертхана, дәрістер өткізуге және республикалық және халықаралық туризмнің объектері ретінде қолдану үшін»,

— дейді ғалым.

ЕҰУ Ақпарат орталығы