КӘСІП ЖАСАУДЫҢ ДА ӘДЕБІ БАР

119

Асыл дініміз адамзатқа тура жолды көрсетумен қатар, олардың дүние тіршілігіне қажетті әдеп қағидаттарын қамтиды. Мұсылман адам осы әдеп нормаларын күнделікті өмірдегі сөз сөйлеуде, жүріс-тұрысында, адамдармен қарым-қатынасында т.б. жағдайларда басшылыққа алуы қажет. Ислам дініндегі осындай маңызды әдептің бірі – кәсіп әдебі.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де сауда-саттықпен айналысумен қатар, өзгелерге де адал еңбек етіп, кәсіп жасауды насихат еткен. Хақ сардарының жанында Әбу Бәкір Сыддық, Осман ибн Аффан, Абдурахман ибн Ауф сияқты, өзге де кәсіпкер, ауқатты сахабалар болған. Олар Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында тірек болуымен қатар, асыл дінімізге дүниесі арқылы да жәрдем еткен. Осындай ізгі жандарды үлгі еткен мұсылман адам да ешкімге масыл болмай, адал еңбек етіп, кәсіп үйреніп, өз маңдай терімен отбасын асырап, артылып жатса, ел-жұртқа көмектесуді мақсат тұтуы қажет. Абай хәкімнің: «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – деуінде де осындай үлкен мағына бар.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла сауда-саттықты адал еткен», – деп айтқан. Тағы бір аятта: «Уа, иман еткендер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа», – дейді («Ниса» сүресі, 29-аят). Алла Тағала бұл аятта мал-дүниені ұрлық, өсімқорлық, парақорлық, жемқорлық, құмар, өзгенің ақысын жеу сияқты т.б. жаман жолдармен табуға тыйым салып, тек адал кәсіп, сауда-саттық арқылы, ақшаны табушы мен төлеуші тарап толықтай риза болу арқылы табылған мал-дүниенің адал екенін айтуда. Осыған орай әрбір кәсіп жасауды қалаған мұсылман мынадай әдеп қағидаттарын басшылыққа алған жөн.

Бірінші, адал кәсіппен айналысу. Мұсылманның кәсібі тек адал етілген заттардан болуы шарт. Арақ-шарап, кез келген бас айналдырып, адамның өміріне қатер төндіретін заттар, ұрланған тауар сынды, т.б. дініміз тыйым салған заттардан аулақ болу қажет.

Екінші, көркем мінезді болу. Кәсіпкер адамдармен алыс-беріс кезінде уәдесінде тұру, айтқан сөзін орындау, қиянатқа бармау, адамдармен сөйлескенде жұмсақ болу, тойымсыздыққа салынбау, қиындыққа төзе білу сияқты дініміз талап еткен көркем мінезге сай болуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сатқанда, сатып алғанда, қазылық еткен жұмсақтық танытқан пендені Алла рахымына бөлейді», – деп айтқан (Бұхари). Мұсылман бола тұра сауда барысында алдауарбауға жол беру, қулық-сұмдық қылу, адамдардан қарыз алып бермей қою, сөзінде тұрмау сияқты істер арқылы өзінің жеке басына ғана емес, сонымен қатар дінге де тіл тиюіне себепші болатынын ұмытпауы керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Бірі-біріңе көреалмаушылық пиғыл танытпаңдар, бағаны көтермеңдер, бір-біріңнен теріс айналмаңдар, жақтырмауды доғарыңдар, бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар және бір-біріңе бауыр болыңдар», – деген (Мүслим).

Бағаны көтеру «ән-нажаш» деп аталады. Мағынасы, қандай да бір адамның бір тауарды алатынын көргенде, алғысы келмесе де оған зиян келтіру үшін сатушыға әлгінің беретінінен жоғары баға ұсынып, сатып алуы. Ал басқаның саудасының үстіне сауда жасау дегеніміз – екі адамның саудада келіскенінен кейін үшінші бір адамның араласып: «Мен тура сол тауарды одан арзанырақ беремін немесе менде одан жақсысы бар», – деп айтуы. Бұл екеуі де – шариғатымызда тыйым салынған істер. Мұсылмандар арасында жеккөрушілік ұялататын мұндай арам пиғылдан аулақ болуы керек.

Үшінші, кәсіпті ақырет істерінен жоғары қоймау. Мұсылман ақырет істері мен дүние ісі қатар келген жағдайда, ақырет ісін бірінші орындайды. Кәсіпті сылтау етіп Алла Тағаланың бұйрығын тысқары қалдыруға болмайды. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күнінің жұма намазына азан айтылғанда дереу Алланы еске алуға асығыңдар және сауданы тастаңдар! Егер білетін болсаңдар, бұлай істеу өздерің үшін жақсы», – деп бұйырған («Жұма» сүресі, 9-аят).

Төртінші, тауар бағасы тым артық көтермеу. Кәсіпкердің сататын тауарына тым артық баға қосуы дұрыс емес. Тауарға қосатын құн орташа болғаны жақсы. Бұл тауардан табыс көрумен қатар, басқа адамдарға деген мейірімінің белгісі болмақ. Өйткені кім басқаларға мейірімділік танытпаса, Алла Тағала да ол адамды мейіріміне бөлемейді.

Бесінші, тауарды өткізу мақсатында жалған ант бермеу. Кәсіпкердің тауарын өткізу мақсатында жалған ант беруіне болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саудада көп ант беруден сақтаныңдар. Өйткені ол тауардың өтуіне себепші болғанымен, берекені қашырады», – деген (Мүслим). Демек бұл тауарды осындай бағаға алып едім, саған осыншаға беремін деп өтірік айту, тауардың сапасының жақсы екенін айтып, жалған ант ішу сияқты істерді осыған жатқызуға болады. Мұндай жалған ант ішу – тауардың тез өтуіне себепші болғанымен, мұндай саудада береке болмайды.

Алтыншы, тауардың айыбын айту. Бұл да – кәсіпке байланысты әдептің бірі. Егер тауардың бойында қандай да бір айып болса, сатушы оны айтуға міндетті. Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) былай деген: «Алла елшісі бірде сатуға қойған бидайдың жанынан өтіп бара жатып ішіне қолын салды да, ылғал тигенін байқап: «Уа, бидай иесі, бұл не?» – деп сұрады. Ол: «Мұны бүлдірген аспан, уа, Алланың елшісі!» – деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Сен неге су тиген жағын адамдар көруі үшін үстіне шығармадың? Бізді алдаған бізден емес», – деді» (Мүслим).

Егер сатушы тауар бойындағы айыпты айтпаса, басқа адамдарға қиянат еткен болады. Алла Тағала Құранда: «Расында Алла қиянат етушілерді жақсы көрмейді», – деп айтқан («Әнфал» сүресі, 58-аят). Шариғатымызда сатушы тауардың айыбын жасырып сататын болса, сатып алушы алған затын қайтарып беруге немесе басқа кемшілігі жоқ затқа ауыстырып алуға құқылы.

Алла Тағала кәсібімізге береке беріп, әр істі көркем әдеппен атқарар жандар қатарына қосқай!

 

Думан НӘДІРҰЛЫ,

РАНТ мүшесі